Accessibility links

Орта Азиядағы су дауы


Орта Азия мұнай, газға бай болғанымен суға тапшы. Бұл жағдаят бүгінде аймақта үлкен тауқыметке айналуда.

Совет үкіметінің қыспағынан құтылған Орта Азия енді келіп бугінде су тапшылығы қыспағына түсті деп басталады Рейтер тілшісі Алексей Қалмыковтың Алматыдан жолдаған хабары. Памир мен Тян-Шань мұзарттарынан аққан суды бұл аймақтағы барлық өзендердің бастауында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан иемденіп отыр.

Қырғызстан президентінің көмекшісі Асылбек Айдаралиев:

"Дәл кәзір жағдай соншалықты қиын дей алмаймын. Алайда, 1957 жылдан бері Тян-Шань мұзарттары 30 пайызға кішірейді. 2025 жылға шейін оның тек жартысы қалмақ" дейді. Барған сайын не болады деген сауалға Айдаралиев: Адам саны өсе түспек. Өзендер қаңси бермек. Егіс алаптары кеңи бермек, бұның салдары су жанжалдарының да күшеюіне әкеліп соқтықтырмақ, - дейді.

Орта Азияның бес "станында" бүгіндері 50 миллиондай халық бар. Осы аймақты суарып тұрған қос дария Әму мен Сырды байлап совет инженерлері кезінде Тәжікстан мен Қырғызстанда алып электр бекеттерін салды. Әмударияның бастауына салынған Нұрек электр бекеті осы өзеннің 40 пайыз суын тежей алады. Совет заманында бұл бекеттерге күтім болған. Олар бақылау астында болған. Су бөлісі де реттеліп отырған. Бүгін де ол жүйе жоқ. Қырғызстан үкімет басының орынбасары Базарбай Мәмбетов соған ашулы:

"11 миллион шамасында халқы бар Израил мен Иордан 3 миллиард текше метр су пайдаланады. Ал, Әму-дария мен Сыр-дариядан болса жыл сайын 110 миллиард текшеметр су ағады. Бірақ неге жетпейтіні белгісіз. Масқара емес пе!" - дейді Қырғызстан үкімет басының орынбасары.

Шөлді аймақтардың жерасты суларының 50 пайызы ащы. Ол да болса, су дауының бір бұлағы. Жазда судан тапшылық көріп, Қырғызстан мен Тәжікстан жаққа жалтақтайтын Өзбекстан болса, қыста Қырғызстанды табиғи газдан қысады. Ал, Қырғызстан мен Тәжікстан қыс түсісімен, өзін-өзі электр қуатымен қамтамасыз ете алмай әлек. Дария суларын реттеуге шамасы жоқ. Су төменге қарай қаптайды.

"Ол су сел болып біздің жайылымдарымыз бен ауылдарымызды шәйіп жатыр", - дейді Өзбекстанның табиғатты қорғау комитетінің басшысы Халилулла Сырымбетов.

Өзбекстан, сондай-ақ Ауғанстан мен Түркменстан да Әмудария суына ауызды артығырақ сала ма деп қорқады. Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың Қарақұм шөлінде "Алтын ғасыр көлін" жасаймын деп жар салып келе жатқаны аян. Орта Азияны сонымен су тапшылығы бір жағынан қысса, қаңсып жатқан тұзды теңіз Арал екінші жақтан қысады. Арал теңізінің ақ сор табанынан жыл сайын ауаға көтерілген 75 миллион тонна тұз Орта Азияның егіс алаптары, жайылымдарына қардай борап қонады. Арал теңізі шегірен былғарыдай жыл өткен сайын тартылып барады. Теңіз тартылған сайын Орта Азияның соры, сорлы тақырлар көлемі ұлғайып барады. Арал теңізі болса, бұл аймақты түгел мақта танабына айналдырмақ болған советтік астамшыл жоспардың құрбаны болғаны аян.
XS
SM
MD
LG