Accessibility links

Сарапшылар Израиль-Палестина жанжалы асқынуы мүмкін деп біледі.

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Израил үкімет басы Ариел Шарон өз елінің жауларымен олар қайда болмасын күресетінін мәлімдегеннен кейін АҚШ президенті Дж. Буш дереу Израилдың өзін-өзі қорғау құқына қолдау көрсетті. Сарапшылар Буш Израилға Таяу Шығыста алдын-ала соққылар жасауға кең жол ашқан тәрізді деп біледі.

Израил Палестин терроршылдарының Сирия жеріндегі жаттығу қосын соққаннан кейін ҚШ президенті Дж. Буш Израилдың өзін-өзі қорғауға деген құқын қолдады.

"Израил халқын қорғауға деген бұл шешімдер көңілге қонады. Егер біз бұл елдің орнында болсақ біз де сондай шешімдер жасар едік".

Алайда, Израилдың көршілес Сирия жеріне жасаған шабуылдары әлем наразылығын туғызды. Оның ішінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннанның наразылығы да бар. Израилдың Сирия жеріне шабуылы 30 жылдан кейін қайталанған шабуылдар болды. Сол шабуылдардан бір күн бұрын Палестин жанкештісі қопарған бомбадан Хаифа қаласында 19 израилдық опат болған еді. Сирия болса Израил ұшақтары азаматтық нысаналарды соқты дейді. Сирия президенті Башар Ал-Ассад Сирияны да, өзге Таяу Шығыс елдерін де жанжалға тартып отыр деп Израилды айыптады. Сарапшылар Израилдың бұл шабуылы Таяу Шығыстағы жағдайды одан бетер ушықтырды деп біледі. Дж. Вашингтон университетінің профессоры Мураф Джоюжати:

"Израилдың Сириядағы Палестин нысаналарын соғуының өзі-ақ жанжалды ушықтыру. Бұ оқиғаларға байланысты Буш әкімшілігі жасаған мәлімдемелерде наразылық нышаны байқалмағаннан кейін, енді Шарон Ливанға да ұрынуы мүмкін".

Сәрсенбі күні Шарон Израил Буштың алдын-ала соғып тастау доктринасын қабылдап өз халқын қорғау жолында терроршыл жау қайда болмасын оларды алдын-ала соғып тастайды деп мәлімдеді.

"Өз халқын қорғау жолында Израил қол-қусырып отырмайды, жаулары қайда болмасын оларды қолдан келген тәсілмен соғып тастайды. Дей тұрғанмен біз өз көршілерімізбен келісімге қол жеткізу жолында кез-келген мүмкіндікті пайдаланамыз”, - деді Израил үкімет басы.

Вашингтон Сирияны терроршылдарды паналатып отырған ел деп айыптауда. Сирия болса ондай айыптауларды жоққа шығаруда. Сарапшылар болса Израилдың бұл қадамы Палестин терроршыл топтарын қолдамасын деп Сирияға ескертуі дейді. Вашингтондағы Мирас қорының маманы Джим Филипс:

"Израилдың бұл Сирияға жасап отырған ескертуі, яғни бұл деген сөз Сирияға қалайда жеңілетін соғысқа тартылуы мүмкін екенін ескертуі. Израил осы арқылы Сирияға терроршылдарға қолдау көрсету саясатының қатерлі екенін ескерткісі келеді. Бұл тек қана Израилға қарсы палестиндықтарға ғана емес, Израилға қарсы Ливандағы Хезболлаға да ескерту"

Талдаушы Мураф Джоюжати:

"Бұ жердегі стратегия не? Стратегия Израил да ҚШ тәрізді халықаралық терроршылдармен соғысуда дегенді білдіру. Сөйтіп, Американың көңілінен шығып Таяу Шығыста өз қолына ерік беру", - дейді.

Бұл талдаушы да Филипс тәрізді Сирия мен Израил жанжалына Ливан да тартылады деп біледі. Соңғы күндері Израил-Ливан шекарасында да тұрақсыздық орын алып отырғаны белгілі.
XS
SM
MD
LG