Accessibility links

10-12 қазанда Балқашта экологиялық конференция өтеді


Екі күнге созылатын жиын барысында экологтар мен ғалымдар, халықаралық ұйым өкілдері Оңтүстік Балқаш аймағындағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерді талқылайтын болады.

Экологиялық «Табиғат» одағының жетекшісі Мэлс Елеусізовтың айтуынша, Балқаш көлі және онда тұратын қазақстандықтардың жағдайына қоғам назарын аудару керек. - Біз Балқаштың мәселесін шешу үшін арнайы конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы конференция арқылы форумға жол ашамыз.

2000 жылы Балқашта экологиялық форум өткен. Бұл уақыттан бері Мэлс Елеусізовтың айтуынша, 3 жыл өткенімен, форумда көтерілген мәселелер шешімін тапқан жоқ. Соңынан форум да өтпейтін болды.

- Шын мәнінде үкімет басында ақша бөлген, бірақ бұл форумды ұйымдастыру кеңесінің жетекшісі Даниал Ахметов болды, соңынан ол Павлодарға кетіп қалды. Нәтижесінде форумның жұмысы тоқтап қалды, екіншіден, бөлінген ақша Орталық Азиялық аймақтық экологиялық орталыққа берілген. Бұл орталық мамандары ақшаны жұмсап қойған. Сол себептен жұмыс тоқтап қалды. Біз бұл мәселені қайтадан көтеріп жатырмыз, бар мүмкіндігімізше, екінші форумды өткіземіз. Үлкен мәселелерді шешу керек.

Экологиялық «Табиғат» одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов Орталық Азиялық аймақтық экологиялық орталықтың жұмысына наразылық білдіріп, бұл орталық көптеген үкіметтік емес ұйымдардың ақша алуына кедергі жасайды деп айтатын. Сонымен қатар, Мэлс Елеусізов Балқаш форумына берген ақшаны да Орталық Азиялық аймақтық орталық алып алды, дегенді жеткізген. Орталық Азиялық аймақтық экологиялық орталықтың өкілі Құралай Кәрібаева, мұндай ақпарат таратқан дұрыс емес деп есептейді.

- Балқаш форумын өткізуге берілген ақшаның барлығы Мэлс Елеусізовке берілген. Бұл форумды Заманбек Нұрқаділов өткізді, ал ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Мэлс Елеусізов болды. Аймақтық экологиялық орталық тек жобасын әзірлеп берді, бұл халықаралық орталық болғандықтан мұндай жобаларға қатыспайды.

Әзірге экологиялық «Табиғат» одағының жетекшісі Балқаш конференциясына дайындалып жатыр. Мэлс Елеусізовтың пікірінше, бұл басқосу арқылы шешімін таппай жүрген мәселелерді көтеруге болады. Соңғы рет өткен Балқаш форумы арқылы форумды ұйымдастырушылар айтарлықтай нәтижеге жетпесе де, кейбір кемшіліктерді ретке келтіруге үлес қосқан.

Жоспар бойынша, Балқашта өтетін конференцияға Біріккен Ұлттар Ұйымы және Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым өкілдері келеді деп күтіліп отыр.
XS
SM
MD
LG