Accessibility links

Биыл қазақ ақыны Ғафу Қайырбековтың туғанына 75 жыл толады.


Осыған орай таяуда Қазақстан жазушылар одағында Ғафу Қайырбековты еске алу кеші болып өтті.

Үстіміздегі жылы қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбековтың туғанына жетпіс бес жыл толады. Осыған орай таяуда Қазақстан жазушылар одағында Ғафу Қайырбековты еске алу кеші болып өткені қалың жұртқа белгілі. Кешке ақынның замандастары мен ізбасарлары қатысып, Ғафу Қайырбековты еске алып, оның шығармашылық ерекшелігіне тоқталып өтті.

Жұмағали Ысмағұлов, ғалым.

- Ғафу Қайырбеков ақын ретінде , азамат ретінде қалың қазаққа кеңінен танылған азамат, әрі менің жан жолдасым. Жетпіс беске келген жасымның 60 жылын Ғафекеңмен бірге өткіздім. Арғы шетінде 15 жылы балалық шақ болар. Саналы ғұмырымның бәрі сол Ғафумен бірге өтті. Ақынның шығармашылық мұрасы менің жүрегімде. Бірақ мен Ғафаңның жан байлығы мен дарын байлығын жеріне жеткізіп айта алдым деп тәуекел ете алмаймын. Ғафудың мол мұрасы ел жадында, оның шын бағасы енді беріледі. Қазақ поэзиясы жасап тұрғанда, қазақтың рухани байлығы бар кезде оның есімі еш уақытта ұмытылмайды.Қазақта талай дарын бар. Қазақ поэзиясы өте бай, талай дарындар келген, кеткен, әлі де келеді. Соның ішінде Ғафу орны ерекше. Қазақтың алтын тағында отыратын ерекше есім. Мен соны мақтан етем.

Марфуға Айтқожина, ақын.

- Ол кісіні тебіренбей айту мүмкін емес, оның ақындық адалдығы өз алдына, ал өзінен кейінгі жастарға деген мейірімі, сүйіспеншілігі ерекше болатын. Мынау бүгінгі күннің өзі Ғафекеңнің көңіліндей жадырап тұр ғой .Күздігіні осындай жадыраңқы күндер аз ғой. Ғафекеңнің көңілі осындай болатын. Жас ақындардың өлеңдерінен әдемі шумақ табылса , соған керемет қуанатын. Соның астын сызып,жанына қосу белгісін қойып,’’Мынау бір ғажап нәрсе ғой’’дейтін. Сонау 60-жылдардың басында алыстан арман қуып келіп, осы поэзия өлкесінде жүрегіміз дірілдеп мынау үлкен үйдің босағасынан аттағанда, Жазушылар одағының тұтқасын ұстағанда жүрегіміз тайдай тулап қоя беретін. Қазіргі жастардан мен сондай сезімді некен- саяқ көремін.

Сол кезде бізге сынды батырып айтса, соның өзіне қуанатынбыз. Өйткені сенің ілікке ілінгенің, саған назар аударғаны, үлкен адамдардың көңіл бөлгені - бата беріп жатқан сияқты болып көрінетін. Бұл біз үшін өте қажет еді. Сол кездерде Ғафекең төңірегіне бір топ ақындарды жинап алып, анау Тұманбай бар,Шәміл бар, марқұм Жұмекен бар, поэзияға келген жас ақындарға баға беріп отыратын.



Ой, жігіттер, білесіңдер ме, міне осындай ортаға ақын келді, аспаннан да түскен жоқ,жерден де шыққан жоқ, сонау өзіміздің елден келді,-деп қуанып алғашқы сәт-сапар тілегенін әлі-күнге шейін ұмытпаймын. Одан кейін де біз осы Ғафекеңменен талай-талай сапарларда бірге болдық.Әсіресе осы мен алғашқы келген кезде бір топ жігіттермен бірге іссапарға алып шықты.Сонда атқа мініп,бой жаздық. Кездесуден кейін менің көзім тізгініменен алысып тұрған асау атқа түскенде құштарлығым арттып сала берді. Мен атқа мінгенде Ғафекең:



- Айналайын, Марфуғаш, байқашы мынау аттың мінезі асау екен, ойнақтап тұр, сен сияқты аяулы қарындасымыздың бір жері зақымданса ұят болады ғой,-деп сезіктенген. Сонда мен ’’Сонау жақтан жығылмай келген қарындасыңыз, ат болмаса да, арманның жалынан ұстап келді ғой, аттан жығыла қоймаспын” дегенде ол:



- Бәрекелді, нағыз қазақтың қызы осылай болу керек , маған сенің осы өрлігің ұнайды, өлеңдеріңнен де осы өрлікті көрем,осындай өрлік, тәкаппарлық еш уақытта да үзілмесін деп батасын берген. Ғафекең ешнәрсеге қызғанышсыз қарап, ағынан жарылып отырушы еді.

Ақын Бақыткерей Ысқақ

Аузынан өлең төгіліп Аспанның бұлты сөгіліп Келгенде Ғафаң Торғайға Көкжиек кеткен шегініп.

Тасқындап жырын төгетін Ел мен жерге беретін. Күркіреп шығып толқындай Тас түйін шумақ өретін.

Мәңгілік өнер шабыста, Кететін шырқап алысқа. Өлеңнің пірі келгенде, Айналушы еді-ау, барысқа.

Жыр көші ғажап гүлдейтін, Ешқашан жалғыз жүрмейтін. Табаны тиген топырақ, Құнары артып түлейтін.

Басқарып жырдың кемесін, Беретін төгіп келесін. Көтеріп Торғай толқыны. Жуатын сүйіп денесін.

Су беті майда жыбырлап, Ашылып құрақ сыңғырлап. Шілде су ертіп туғанда, Біз жудық дейді сыбырлап.

Көзіне тұңғыш көрінген, Осынау түпсіз өмірден. Мен дейді шырқап аспан көк, Шашу боп нұрын себілген.

Шапағын шашып арайды, Көрсеткен мен деп күн-айды, Боз қырау шалғын басының Самал жел шашын тарайды.

Көк жиек езу күре жол, Танытқан мен деп оң мен сол, Қасқиып жатыр Торғайда Бір кезде жүрген сан мың қол.

Жабысып жусан шалғайға, Қымыздың дәмі таңдайда. Ізінен өлең төгіліп, Келетін Ғафаң Торғайға!

Айналып кейде жалынға, Түсетін оттай қалыңға. Ат басын бұрып тұратын. Қасқиып қарсы ағынға.

Жағасы жасыл құрағын, Теңізге құйған бұл ағын. Жыр кешін бастап бұл күнде, Ағады таза бұлағың.

Ақын Серік Тұрғынбекұлы

- Лирик ақын, сыршыл ақын, философ ақын дегендер болып жатады. Менің ұғымымда Ғафекең ең алдымен эпик ақын. Ол өзінің өлеңдері арқылы уақытқа үн қоса білді. Мысалы Ғафу Қайырбеков тың туралы дастандары үшін Мемлекеттік силықты алды. Ал сол тыңды Ғафекең басқалары секілді құр ұрандатып, желкілдетіп, керемет деп айқайлап кетіп, мақтаған жоқ. Тыңды айта отыра Ғафекең оның Қазақстанға тигізген қасіретін де жырлай білді. Ғафекеңнің ақындығына, айтқыштық, шешендік өнері қосылды. Сөйтіп Ғафекең, сонау бес ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрдің үзіліп қалмауына атсалысып, оны жалғастырды. Ақынның оқиғалы өлеңдерді айта келіп, ірі пландағы оқиғаларға кетіп қалуы, Ғафекеңнің эпикалық тұлғасын әйгілей түседі.
XS
SM
MD
LG