Accessibility links

АҚШ Түркияның өз әскерлерін Ирақққа жіберу жөніндегі шешімін игі шара деп түсінеді

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Түркия Парламенті сейсенбі күні өз әскери бейбітшілік тобын Ираққа жіберуге шешім қабылдады.

Ал Ирақтағы соғыстан кейінгі тұрақтылық жағдайын өз жауапкершілігіне алған АҚШ Түркияның бұл шешіміне риза болып отыр. Бірақ өз кезегінде Түркия АҚШтан да белгілі бір жаңа қадамдар күтетінін жасырмайды.

Сонымен бірнеше айға жалғасқан күрделі келіссөздер нәтижесінде Түркия Парламенті бас министр Режеп Тайып Ердоғанға Ирақтағы турақтылық шараларына бейбітшілік қосындарын жіберуге болады деген мақұлдау шешімін тапсырды.

Ал, соғыстан кейінгі Ирақтағы тұрақтылық жағдайын өз мойнына алған АҚШ үшін Түркияның бұл шешімі игі жаңалық болды деп хабарлайды тілшіміз. Бұл игі хабарға орай, АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Ричард Баучер:

- Біз Ираққа өз әскери қосындарын жіберу жөніндегі Туркия үкіметінің ұсынысын қолдаған парламент шешіміне ризашылығымызды білдіреміз. АҚШ енді түрік әскерлерінің Ирақтағы тұрақтылық шараларына белсенді қатысатындығына сенеді. Ал, ол әскерлердің алдағы міндеттері жөніндегі мәселелерді біз Түркия үкіметімен өзара кеңесе отырып шешетін боламыз, - дейді Баучер.

Ираққа өз қосындарын жіберуді қолдап Түркия парламенті – Жоғарғы Ұлттық Ассамблеядан 358 мүше дауыс берсе, 183-і қарсы болған. Жабық есік жағдайындағы талқылау 2 сағатқа жалғасқан. Екі депутат қалыс қалса, жеті заңгер бұл жиынға қатыспаған.

Ереже бойынша, Парламент шешімінің күшке енуіне енді бас министрдің мақұлдауы шарт емес. Әзірше бір ғана анық нәрсе – түрік қосындары Ирақта бір жыл болады.

Ал, Түркия Әділет министрі Джеміл Чичектің тілшілерге айтуынша, бейбітшілік қосындары Ираққа бірден жіберілмейді. - Рухсат етілді деген сөз, түрік әскерлері келесі күні-ақ Ираққа қарай жолға шығады деген сөз емес. Әзірше АҚШпен келіссөздер жалғасуда, - дейді Әділет министрі.

Ал АҚШ мемлекеттік департамент өкілі Баучердің айтуынша, Анқарамен өзара келіссөздер алдағы күндерде жалғасып, Ирақта орналасу мәселелері шешіледі.

- Әскерлердің саны, орналасатын жері, оларды қалай жеткізу және өзге де көптеген мәселелерді шешу керек. Олардың біразын әскери басшылық шешсе, кейбірін үкіметтер өзара реттейді. Қысқасы орналасқанға дейін атқарылар шаралар баршылық. Оған қанша уақыт кететіндігін әзірше айту қиын, - дейді Баучер.

Анқара Ираққа 12 мың түрік сарбазын жіберуді жоспарлап отыр.

Дегенмен, Парламенттегі 175 орынға ие Халықтық республикалық партия Түрік әскерін Ираққа жіберуге қарсы болды. Сәрсенбі күні оппозициялық партияны қолдаушы жүздеген адам Ыстанбұлда наразылық шеруіне шықты.

Соңғы пікірнама нәтижелеріне қарағанда, халықтың 60 пайызы Түрік әскерлерінің Ираққа жіберілуіне қарсы.

Солшыл бағыттағы Жұмхұриет гәзеті, "Туркия Ирақтағы басқыншылық соғысына қосылды" деп Буш әкімшілігін қолдап отырған бас министр Ердоғанды сынайды.

Ал өзара ынтымақтастық шаралары үшін АҚШ өткен айда Түркияға 8 жарым млд. Доллар несие берген болатын.

Артынша теледидардан шығып, Тайып Ердоған Анқараның Ирақта ешқандай құпия мақсаты жоқ, Түрік әскерлері ізгілік шараларына қатысады деді.



- Бұл өтпелі кезеңде Түркия Ираққа беретін өз саяси және экономикалық көмегін әскерлердің қолдауынсыз іске асыра алмайтындығын түсініп отыр, - дейді Ердоған.

Туркия бас министрінің айтуынша, - Түрік әскерлері Ираққа басқыншы рөлінде емес, аға, дос ретінде соғыстан кейінгі өтпелі кезең шараларын тезірек іске асыруға көмектесу мақсатымен келіп отыр.

Бас министрдің пікірінше, оңтүстіктегі түрік-ирақ шегара аймағы қауіпсіздігі мәселесі Түрік үкіметінің түпкі назарында. Бұл аймақта 15 жылдан бері өз аутономиялық тауелсіздігін талап етіп жанжалдасып, соғысып келе жатқан күрдтер көптеп тұрады.

Өткен жексенбіде Ердоған, - Біз кезінде уәде етілген АҚШтың Күрдістан жұмысшы партиясына қарсы жасамақ іс-әрекеттерін жақыннан қадағалап отырамыз, - деп ескерткен болатын.
XS
SM
MD
LG