Accessibility links

Орталық Ауғанстандағы тұрғындар алдымен аштықтан, содан кейін талибтерден қорқады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Ауғанстандағы тілшіміздің айтуынша, орталық аймақтағы ауған жұрты алдымен аштықтан, одан соң талибтерден қатты қорқады.

Орталық Ауғанстандағы Доаб қыстағында тұратын 22 жастағы Мохаммад Фазел саз аспабы тамбурада махаббат әуенін тартуда.

Оның тар бөлмесінде бір топ хазаралық қарулы азамат отыр. Бамиян мен Бағлан уалаяты шекарасына жақын - олар жасайтын Сайган ауданында 40 мыңдай адам кедейлікте өмір сүреді.

Аш адамда қандай ғана көңілді әңгіме болсын. Оның үстіне талибтер жөнінде үрейлі хабарларды жиі еске алатындар тағы бар.

35 жастағы әскери сардар Мохаммад Фитрат бұл шаңырақтағы бүгінгі қонақтардың қауіпсіздігіне жауапты адам. Оның айтуынша,

- Сайған алқабында заңсыз қарулар тәркіленген. Ол аймақтағы хазарлар мен тәжіктер жалпы тату тұрады. Дегенмен өзара теке-тірестер де болып тұратындығы шындық - дейді Фитрат.

Ал аймақтағы жалпыға ортақ мәселе - аштық жағдайы. Жеті жылдық қуаңшылық кезінде құдықтар кеуіп қаңырап қалған. Сусыз, жауынсыз жағдайда астық қайдан болсын. Бидай мен жүгерінің орнына напақа ретінде көкнәр егеді. Көпшіліктің күнделікті тіршілік табысы бір күндік тамақ болса, аштан өліп жатқан адамдар да баршылық. Фитраттың айтуынша, келіп жатқан халықаралық ұйымдардан да қайран шамалы.

- Су жоқтығынан 4 жүздей отбасы Мазари-Шәріп пен Қабул жаққа қаңғып кетті. Олар сондағы базарларда кез-келген жұмысқа жалданады. Әсіресе талибтер шайқасы кезінде қаза тапқан ер азаматтардың отбасыларына қиын. Кейде бір үйдегі 20 адамға бір еркек жауапты. Жұрт ақиқатында азап шегуде, - дейді Фитрат.

Енді саз тарту, ән айту кезегі барлау офицері Махрам Алиге тиеді. Әңгіме арасында ол қонақтарды Сайған аймағындағы соңғы уақиғалармен хабардар етеді. Ол кезінде бір уалаятта әкім де болған екен.

- Бұрынғы талибтердің жақтастарында кемінде 600-дей қару-жарақ, Калашников автоматтары және өзге де қарулар бар. Оның үстіне, ондаған жылдарға жалғасқан соғыс кезінде Бамиян, Доаб сияқты аудан, аймақтарда жасырып қалдырылған суық қарулар тағы болуы керек, - дейді барлаушы офицер.

Махрам Алидің айтуынша, - Доаб ауданы үлкен қауіп астында тұр. Алдын алмаса қиын болады. Біз американдықтарға осы жөнінде айттық. Олар 2 полицаймен бірге ол араға барып, жергілікті жұртпен сөйлесті. 4 күннен кейін қайтамыз, деп Бамиянға кетті. Бірақ әліге дейін жоқ. Бұл жерде қауіпсіздік жоқ десе де болады. Әр үйде кемінде 2 қарудан бар, - дейді отырған жұртты одан әрі үрейлендіріп , Али.

Жалпы Доабтағы жұрт аузымен талибтерден келетін қауіп-қатер жөнінде жиі айтылады.

Ауғанстандағы Халықаралық ресми ұйым өкілдері де талибтер жөнінде және олардың көршілес Пәкістандағы қарулы топтармен байланысы туралы абайлап қана айтатыны бар. Бірақ олардың пікірінше, талибтер енді айтарлықтай қауіп-қатер төндіре қоймас.
XS
SM
MD
LG