Accessibility links

АҚШ Ирақ Басқарушы Кеңесіне түрік әскерін қабылдау жөнінде салмақ салуда.


АҚШ тағайындаған Ирақтың Басқарушы кеңесі бүгіндері түрік әскерін Ираққа кіргізуге қатты қарсылық көрсетіп отыр.

АҚШ болса Кеңесті үгіттеп әлек. Кейбір талдаушылар осы мәселе үстінде Басқарушы кеңес пен ҚШ арасы ашылып кетуі мүмкін деп біледі.

Ираққа түрік әскерін кіргізу мәселесі ҚШ –ның Ирақта өзі тағайындаған Басқарушы кеңесімен теке-тірес жағдай тудырды. Басқарушы кеңес түрік әскерін Ираққа енгізуге қарсы. ҚШ болса бұл Кеңесті үгіттеп әлек. Ал, енді бұл теке-тірес Ирақты қалыпқа келтіру ісіне кедергі болмай ма? ҚШ қорғаныс министрі Доналд Рамсфелд пікірі:

"Ирақ Басқарушы кеңесі түрік әскерінің Ираққа кіруіне қарсы дегенге өз басым сенбеймін. Бір-екі Кеңес мүшесі қарсы болуы мүмкін, бірақ олардың өзі де бұл мәселені дауға айналдыру жағында емес".

ҚШ мемлекеттік департментінің өкілі Ричард Баучер Ирақтағы американдық әкім Пол Бремер сәрсенбі күні Басқарушы кеңеспен кездесті және тағы да кездеседі дейді:

"Олармен сөйлесіп жатырмыз. Жұмыс жасап жатырмыз. Бұ мәселеге орай олардың кейбірінің көзқарасы қатаң болса, кейбірінікі басқаша."

"Фактілерді күтейік. Басқарушы кеңес әлі бір шешім немесе мәлімдеме жасаған жоқ қой. Тіптен жекелеген Кеңес мүшелерінің де мәлімдемесі болған жоқ қой".

Баучер, әрине, Вашингтон оппозицияға қарсы емес, бірақ түрік әскерін Ираққа кіргізу ең алдымен Ирақтың өзіне қажет қауіпсіздік үшін деп біледі. Енді Ирақ Басқарушы кеңесінің мүшесі тегі күрд Махмұд Отманның пікіріне ден қоялық:

"Жалпы алғанда біз Ираққа кез-келген көрші ел әскерін енгізуге қарсымыз. Американдықтар айтқандай олар қауіпсіздік мәселесін шеше алмақ емес".

Сонымен, 24 кісіден тұратын Ирақ Басқарушы кеңесінде түрік әскерін енгізуге әсіресе күрдтер шырылдап қарсы тұр. Тәуелсіз талдаушы Дэвид Филипс не дейді:

"Мәмілеге жол аз. Басқарушы кеңес пен Коалициялық биліктің өзара бір-біріне қарсы тұру қаупі бар. Алайда, бұған ешкім де мүдделі емес".

Түрік жағына келетін болсақ, биыл наурызда Ирақтағы түріктеріне қару тасып жүрген 25 түрік жауынгері ұсталса, осы жазда бір әйгілі күрд қайраткерін өлтіргелі жүрген 11 түрік жауынгері американдықтардың қолына түскені белгілі. Талдаушы Филипс не дейді:

"Буш әкімшілігінің Басқарушы кеңесті тағайындаудағы негізгі саясаты осы кеңес арқылы ирақтықтармен жұмыс істеу болатын. Егер, біз Кеңес беделін көтеруге толық күш салмасақ онда біздің Ирақ тәуелсіздігін қалыпқа келтіру жоспарымыз да іске аспақ емес". Бұл талдаушы Филипстің пікірі.

Түркиеге 8,5 миллиард доллар төлеп қойған ҚШ болса, Ирақ тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мұсылман елі Түркиядан Ираққа қалайда 10 мың әскер кіргізуге мүдделі болып отыр.
XS
SM
MD
LG