Accessibility links

Ұлттық ғарыштық инфрақұрылымды дамыту


Қазан айының 10-да Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Даниал Ахметов Ресейдің «Энергия» зымырандық-ғарыштық корпорациясының өкілдерін қабылдады.

Аталған корпорацияның бас конструкторы Юрий Семенов Даниал Ахметовке Қазақстанда спутник жасайтын қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорынның бағдарламасын ұсынды. Бұл жобаны іске асыру арқылы республикада ғарыштық телекоммуникация жүйесі мен жерді дистанциялық түсіру саласында қазіргі заманғы жоғары технологияға қол жеткізген болар едік, сонымен бірге онда қазақстандық мамандарды ғарыш аппаратын дайындау, тексеру және ұшыруға оқытуға мүмкіндік туар еді дейді Юрий Семенов.

Даниал Ахметов «Қазақстан өзінің жеке спутниктік жүйесі болғанын қалайды, әйтседе мұндай кең көлемді жобаны іске асырмас бұрын оған тиісті кадр мәселесін шешіп оны ел мүддесі үшін қай бағытта пайдалану керектігін нақтылау керек» деді. Премьер-министр министрліктер мен ведомства басшыларына спутникті Каспий теңізін зерттеуге, шекара маңын бақылауға және аграрлық сала және басқа да маңызды салаларды зерттеуге кеңінен пайдалануға болатынын айтты. Біз осы мәселеге түсініктеме беруді Ұлттық аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековтен сұраған едік. Байқоңыр айлағында жүрген ол бұл жайдан бейхабармын сол себепті нақты жауап бере алмаймын деді.

Даниал Ахметов Көлік және коммуникация министрлігіне және ұлттық аэроғарыш комитетіне 1айдың ішінде ұлттық спутник құру мәселесіне арналған балама ұсыныс дайындап Үкіметке жолдауды тапсырды. Жыл соңында осы мәселені шеуге әріптестерімізбен кеңесетін болайық деді Премьер-министр.
XS
SM
MD
LG