Accessibility links

Қазақстандағы әйел мен бала мәселесі

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан 1991 жылмен салыстырғанда 1 млн. 500 мыңға жуық тұрғынын жоғалтыпты. Бұған себеп елдегі экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдайдың тұрақсыздығымен қоса ана мен бала жағдайына жеткілікті мән берілмеуінде.

Қазанның 10-күні Қазақстан Парламентінде өткен Парламенттік тыңдау осы тақырыпқа арналды.

Парламенттік тыңдауға үкімет мүшелерінің өкілдері, Қазақстан Парламентінің депутаттары, облыстық, аудандық атқарушы билік өкілдері мен әйел және отбасы мәселесіне қатысты түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Алғашқы баяндама жасаған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Жармахан Тұяқбай қаралып отырған тақырыпты парламенттік тыңдауларда қозғалып жүрген проблемалардың бәрінен де күрделісі деп атады.

Ал Президент жанындағы отбасы және әйелдері ісі жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Айткүл Самақованың әйел мен бала мәселесіне қатысты жасаған баяндамасынан деректер келтіретін болсақ, Қазақстанда тәуелсіздік жылдары әйел мен бала проблемасын шешуге бағытталған нақты жұмыстар атқарылған. Оның ішінде заң базасы құрылды, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау секілді бағдарламаларды қаржыландыруды жүзеге асырып отыр. Үстіміздегі жылы бала туу бойынша әйелдерге он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 13 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлене бастаған. 2000 жылдан бастап, елде демографиялық көрсеткіштердің оң серпіні байқалған, яғни бала туу саны көбейген. Сондай-ақ Айткүл Самакованың айтуынша, елдегі әйел мен балаға жасалып отырған жағдайлар БҰҰ Конвенциясының барлық талаптарына сай келеді. Және ол Қазақстан президентінің зайыбы Сара Назарбаева басқарып отырған «Бөбек» қоры мен 1995 жылы Қазақстан президентінің қолдауымен ашылған Айткүл Самакованың өзі басқарып отырған Президент жанындағы отбасы және әйелдері ісі жөніндегі комиссияның жұмыс істеуі әйел мен бала жағдайына аса мән беріліп отырғанын көрсетеді деді. Сонымен қатар елдегі орташа жалақы 23 мың теңгені құрайтындығын айтып, бұл ТМД мемлекеттері арасындағы ең үлкен көрсеткіш деп атап өтті.

Енді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталының әйел мен бала мәселесі бойынша жасаған баяндамасына назар аударсақ, ол алдымен жоғарыдағы Президент жанындағы отбасы және әйелдері ісі жөніндегі комиссияның төрайымы Айткүл Самакованың баяндамасынан кейін елдегі әйел мен баланың жағдайы жақсы екен деп ойлауға болмайды деп өзінің пікірлерін ортаға салды.

Сонымен Амангелді Айталының әзірлеген деректеріне құлақ ассақ, Қазақстанда балалы отбасылардың қайыршылық халге түсуінің кең етек алуынан, денсаулық деңгейінің төмендеуінен, ауру мен өлім-жітімнің өсуінен, өсіп-өнбеу үрдістерінің артуынан, ұлттық тектіліктің азуынан отбасындағы моралдық-психологиялық ахуал күрт нашарлаған. Елде отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес проблемасы өзекті болып қалып отыр. Тек ресми деректер бойынша, Қазақстанда 715 әйел мен 130-ға жуық бала өлтірілген. Балалардың ауру-сырқауы күрт өскен. Мүгедек балалар саны да өсе түсуде.Сонымен қатар тастанды балалар саны жылдан-жылға артуда.

Амангелді Айталының айтуынша, шетелдіктердің Қазақстаннан бала асырап алу әрекеті Қазақстанның демографиялық жағдайына елеулі әсер етеді. Мысалы бүгінгі күнге дейін 4 мыңға жуық бала шетелге кеткен.

Парламенттік тыңдаудан кейін әйел мен балаға қатысты көтерілген ұсыныстар іске асырылу үшін тұрақты бақылауды жүзеге асыру керек деген мәселе қойылды.
XS
SM
MD
LG