Accessibility links

Ресей астанасын Мәскеуден болашақ екінші астана Санкт-Петерборға көшіру істері қолға алынды


Ресейдің Санкт-Петербор қаласында Валентина Матвиенко деген жаңа әкім сайланғалы бері орталық биліктің кейбір мекемелерін астана Мәскеуден осында көшіру істері қолға алынды.

Ресейдің екі астанасы болса жөн деген әңгіме, жалпы, Санкт-Петербор тумасы Владимир Путин Ресей басшылығына келген соң өрбіді. Екі астана қазір Қазақстанда да бар. Алайда, бұрыңғы Ақмола, қазіргі Астана қаласына қарағанда Санкт-Петербор кезінде астана болған, алып Ресей империясын биледі. Бұл жерде президент Путиннің жеке мүддесі, жікшілдігі емес, Ресейдің ерте замандағы саяси жігерін жаңғырту мақсаты биліп тұр.

Ресей президенті Владимир Путиннің адамы деп есептелетін Валентина Матвиенко Санкт-Петербор қаласының губернаторы яки әкімі болып өткен жексенбі күні сайланған соң орталық биліктің кейбір мекемелерін астана Мәскеуден осында көшіру істерін бірден қолға алды. Ресейдің екі астанасы болса жөн деген әңгіме, жалпы, Санкт-Петербор тумасы Владимир Путин Ресей басшылығына келген соң көтерілді. Санкт-Петербор қаласының былтыр мамыр айында 300-жылдығы тойланды, мерекелі шараға батыс мемлекеттерінің басшылары кеңінен қатысты. Бұдан соң Санкт-Петербор бейресми дипломатиялық астана деп танылды.

Осыдан 300 жыл бұрын Бірінші Петр патша салған қала осы таңда Ресей президентінің екінші кеңсесі орналасқан мекенге айналды. Сөйтіп, бұрыңғы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербор қайта жаңғырмақ. Әлбетте, бұл Ресейдің жаңаша серпілуінің белгісі, рух көтеруге бағытталған саяси қадам. Ал Қазақстан сияқты көршілеріне Ресейдің жалпы қайта өрлеуі, Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру деген Ресейдің ұмтылысы өз алдына жеке іс-қимыл туғызады.

Ресей басшылығы қазіргі таңда Санкт-Петерборға сот билігінің орталық кеңселерін көшірмекші. "Деловой Петербург" газетінде Жоғары Арбитраж сотының төрағасы Владимир Бобрынев сот жүйесінің 200 шақты жоғары қызметкерлерінің Санкт-Петерборға көшуі мүмкін екенін айтады.

Ресейдің екі астанасы болсын дейтіндер децентрализация яки билікті бір жерде шоғырландырмау, билік тұтқаларын аймақтарға жақындату мақсатын алға тартады. Қарсылық айтатындар Америка Құрама Штаттары сияқты алдыңғы қатардағы елдердің барлығы мемлекетті бір орыннан басқарады дейді. Президент Путинның өзі болса Германияның үлгісіне сілтейді, Германия Жоғары соты Карлсрюхе қаласында жұмыс істейді екен.

Екі астана жасау ойын қолдамайтындардың бірі, Мемлекеттік дума яки парламенттің депутаты Владимир Рыжков бұл бос әуре, ондаған миллиард рубль шығын туғызатын азап дейді:

- Сот мекемелері Мәскеуде өте жақсы жағдай жасап алған. Демек, олардың кеңселері бүгінгі күн талабына әбден сай, дұрыстап жөнделген, мәшине паркі де көп-көрім. Төрешілер қазнаның есебінен үй мен саяжайлармен қамтылған. Көші-қон дегенеміз Санкт-Петерборда үй-жай дайындауға мемлекет қазнасынан көптеген миллиард рубль шығынды талап етеді. Ондаған миллиард рубльмен есептеу керек шығар мұның барлығын.

Қоғамдық пікір зерттеулері көрсеткендей, Санкт-Петербор қаласы тұрғындарының көпшілігі екінші астана ойына қарсы. Санкт-петерборлықтар өз мекенін Ресейдің рухани орталығы деп ежелден біледі, орталық кеңеселерге бола тарихи ғимараттар босатылады, сөйтіп көне мұрамызға зақым келеді деп алаңдайды. Мәселен, орталық сот мекемелері мемлекеттік мұрағат және Өсімдіктер институтының ғимараттарына кіруі мүмкін деген жорамал қала тұрғындарының және құқыққорғаушылардың үлкен наразылығын тудырды. Олардың шағымы қазір, тіпті, сотта қаралып жатыр. Сөйтіп, Жоғары сотқа өтуі мүмкін ғимараттардың мәселесін Жоғары сотқа тәуелді Санкт-Петербор соты тергеп жатыр.
XS
SM
MD
LG