Accessibility links

Әміржан Қосанов үстінен қозғалған іске қатысты сот үкімі дүйсенбіде шығарылады


10 қазан жұма күні РХП атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосанов үстінен салықты дұрыс төлемеген және жалған құжаттарды пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қозғалуына байланысты Медеу ауданында сот отырысы одан әрі жалғасты.

Осы арада айта кетер бір жәйт, Қосановты қорғаушы адвокат Игорь Меерзон үстінен де іс қаралып, дәл сол күні ол да сотта жауап беруіне орай Қосанов соты белгіленген уақыттан кеш басталып, түске дейін куәлер, сарапшылар өз уәждерін айтып түсінік берді.

Осы күнгі сотқа шақырылған, кезінде тексеру жүргізіп, еш заңсыздық таппаған салық инспекторы Хегай ауырып жатыр деген себеппен сотқа келмеді. Ал өз кезегінде «Реформа» орталығының есепшісі болған Әлмира Құсайынова барлық салық төлемдерін дер кезінде, әрі заң негізінде дұрыс төлеп отырғанын айтты. Оған сол тұста ешбір айып тағылмаған.

Үзілістен соң прокурор Қайрат Тастемір сөз алып, Әміржан Қосановты ҚР Қылмыстық істер кодексінің екі статьясы бойынша салық төлеуден жалтарғаны үшін және жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін айыпты деп тауып, 222 статьяның бірінші тармағы және 325 статьяның үшінші тармағы бойынша жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониясында екі жылға жазасын өтеу жөнінде бас бостандығынан айыру және 200 айлық жалақы мөлшерінде айып төлеу жөнінде, болмаса қатаң режимде бір жыл түрмеге қамау жөнінде сотқа ұсыныс түсірді.

Сот барысында адвокат Меерзон Әміржан Қосановтың еш айыбы жоқ деп өз уәждерін айтып, куәлер мен сарапшылардың алға тартқан айыптарын негізсіз дегенді айтты.

Сондай-ақ, үстінен қылмыстық іс қозғалған Қосанов та өзінің кінәсіздігін айтып, әрбір тағылған айыптарға қарсы дәлелдерін келтірді.

Осыдан кейін судья Зубков 13 қазанға дейін үзіліс жариялап, сот үкімі алдағы дүйсенбіде шығарылатындығын айтты.

Осы арада айыпталушы Әміржан Қосанов «Азаттық» радиосына өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, халықаралық ұйымдардың осы сотты қадағалап отыруы соттың әділ шешім шығаруына септігін тигізуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG