Accessibility links

«Сақтансаң сақтайды» атты ақпараттық насихаттық жоба басталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

13 қазан күні Алматыда Қазақстан баспасөз клубында қазақстандық жасөспірімдер арасында В және С вирустық гепатиттердің алдын алуға бағытталған «Сақтансаң сақтайды» атты жаңа ақпараттық насихаттық жобаның басталуына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Жобаны республиканың кәсіпқой гепатолог дәрігерлері мен Қазақстан баспасөз клубы Еххon Mobil компаниясының қолдауымен жүзеге асырмақ.

Аталған насихаттық жоба негізінен Алматы және Астана қалаларының 10-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында жүргізілмек.



Жобаның мақсаты – мектеп оқушыларына вирустық гепатиттердің кеңінен таралған В және С түрлерінің келтіретін зияны туралы толық мағұлматтар беру, инфекцияның берілу тәсілдері, салдарлары мен алдын алу жолдарын түсіндіру, мектеп оқушылары арасында өз денсаулықтары мен қоршаған адамдар денсаулығына деген жауапкершілікті арттыру.

В және С вирустық гепатиттер – қауіпті жұқпалы аурулар. Әртүрлі ақпарат көздері бойынша әлемде вирустық гепатиттер таралымы 170 млн. адамнан 800 млн. адамға дейін жетеді. В және С вирустық гепатиттер мәселесі Қазақстанда да өзекті. Сондықтан 1997 жылы Қазақстан жаңа туылғандар арасында В гепатитінің алдын алу мақсатында Халықаралық универсалды стратегиялық бағдарламаға қосылды. Бұл 5 жасқа дейінгі балалар арасында В гепатиті ауруын айтарлықтай төмендеткен.

Бұл жоба халық арасында осы аурудың таралмауына қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға өзіндік үлес қосады деп үміттенеміз. Жобаны іске асыру мақсатында түрлі ақпараттық кітапшалар шығару, мектептерде ашық сабақтар өткізу, оқушылар арасында пікір сайыстар ұйымдастыру, сауалнамалар жүргізу, ақпараттық материалдар жариялау және басқа да шаралар өткізу көзделіп отыр дейді баспасөз мәслихатын өткізушілер.
XS
SM
MD
LG