Accessibility links

РХП атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылды

  • Саясат БЕЙİСБАЙ

13 қазанда РХП атқару комитетінің төрағасы, «Реформа» ЖШС орталығының жетекшісі Әміржан Қосановқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотының судьясы Владимир Зубков сот үкімін оқыды.

Бір сағатқа жуық оқылған үкім соңында сот Ә.Қосановқа тағылған айыптардың бәрі толық анықталды, сондықтан ол салық төлемегені және жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін кінәлі деп табылады деп, бір жылға шартты түрде жазасын өтеуге және 200 айлық еңбекақы көлемінде, яғни 131 мың теңге айып төлеу жөнінде шешім шығарды.

Осыдан кейін айыпталушы Әміржан Қосанов «Азаттық» радиосына өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтып, бұл әділетсіз сот болды деді. Біз бес жыл бойы салық комитетінің төле деген салығын төлеп келдік, барлық талап еткен құжаттарын тапсырдық. Сондықтан біздің еш кінәміз жоқ дегенді айтуда. Ол өзін айыптауға орай наразылық ретінде жеті тармақтан тұратын талап-тілектерін айтып, тағылған айыптарға орай түсінік беруін өтініп, Медеу аудандық прокурорына жазбаша хат түсіргенін айтты. Алайда оған жауап болмады. Мен не үшін сотталып отырғанымды білмеймін де, әділетсіз шешімді мойындамаймын деп, одан ары қарай тиісті орындарға шағымданатынын айтты.

Дүйсенбі күнгі сот үкімін тыңдауға түрлі қозғалыстар мен ұйымдардан адамдар көп жиналды. Солардың бірі зейнеткер Хайролла Адамұлы журналистерге өз пікірін былай деп жеткізді:

- Бұл сот қолдан жасалған, қайткен күнде Қосановты жазалап, айыптауға негізделген халық алдында пікір туғызу мақсатында өтті. Мұндағы белгілі жәйт, қайткен күнде де оппозициялық бағыттағы саяси партиялардың рөлін төмендету, халық алдында беделін түсіру тұрғысында болып отыр, - дейді Хайролла Адамұлы.

Ендігі жерде Әміржан Қосанов өз наразылығын айтып, Алматы қалалық сотына аппелляциялық шағым түсірмек.
XS
SM
MD
LG