Accessibility links

Буш әкімшілігі Ирақтағы қайта құру науқаны кезінде өз отандастарынан және әлемдік қауымдастықтан қолдау күтеді


АҚШ президенті Буш өзінің Ирақтағы саясатына орай соңғы кездері қатты сын шабуылына кезігіп отыр.

Сондықтан, алғашқы негізгі шара ретінде, Джордж Буш Ирақтағы қайта құру жоспарларына жауапкершілікті Пентагоннан алып, өзінің Ұлттық Қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісі Кондолиза Райс ханымға жүктеп отыр.

Вашингтондық тілшіміз хабарлағанындай, өткен аптадағы негізгі бір жаңалық - АҚШ президенті Джордж Буш Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ирақтағы тұрақтылықты қалыптастыру мәселесі бойынша арнайы топ құрған.

- Бұл топ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің қолдауымен Ирақтағы интерагенттік шараларды үйлестіру мәселелерімен шұғылданады. Сондай-ақ, Қорғаныс департаментіне және Ирақтағы АҚШтық арнайы әкім Пол Бремерге де көмек беріп отыратын болады, - дейді президент Буш.

Сонымен, Джордж Буш өз кеңесшісі Кондолиза Райс арқылы Ирақтағы қайта құру, азаматтық инфрақұрылымды қайта тіктеу және тұрақтылықты орнату шараларына тікелей араласатын болады.

Мамырдың 1інде Ирақтағы соғыс аяқталды деп жарияланғалы бері АҚШтық 95 сарбаз қаза тапты. Ал өткен сәрсенбі күні Джордж Буш пен Кондолиза Райс тағы да кезекті рет Саддам Хусейн АҚШ -қа қауіп төндірген еді деп қайталады.

Бейсенбі күні әкім Пол Бремер Ирақтағы денсаулық, білім беру, қауіпсіздік саласындағы табыстар жөнінде айта келе:

- Алты айда біз көп іс тындырдық. Бірақ бұл үлкен істің басы ғана. Ширек ғасырға жалғасқан сыбайластық, соғыстық қауіп жағдайы елді тоздырып жіберген. Сондықтан ондай ауыр жағдайды бір кеште жөндей салу оңай шаруа емес, - деп ескертті .

Өткен аптада АҚШтың екі қаласында болған кезде де президент Буш БҰҰ шешімдерін іске асырып, Ирақтағы және өзге де елдердегі террорлық әрекеттерге қарсы АҚШ өз күресін одан әрі жалғастыра беретіндігін айтты.

- Ирақтағы терроршылар бейкүнә азаматтарға шабуыл жасау арқылы біздің шешімізді бекер етпек болады. АҚШты алған бетінен қайтармақ болады. Бірақ олар қателеседі, - деді президент Буш Нью Хампшир штатында болған кезде.

Ал Вашингтондағы Херитидж Фаундейшн зерттеу орталығында болған кезде АҚШ президентінің орынбасары Дик Чейни де әкімшілікке айтылып келе жатқан сындарға орай:

- Айтылған сындарға құлақ ассақ, біз ештеме жасамай отыра беруіміз керек болар еді, - деген.

Вашингтондағы Америка университетінің саяси тарих бойынша профессоры Аллан Лихтманның айтуынша, президент Буштың Ирақ тұрақтылық тобын құруы маңызды шараның бірі:

- Бұл ісімен президент Ирақтағы саясат бойынша көп сынға ұшыраған Қорғаныс министрі Рамсфельдті шеттетіп , Кондолиза Райсты іске кірістірмек. Әрине Райс қаным бұл орайда тартымды жан, - дейді профессор.

Вашингтондағы Стратегиялық зерттеу орталығында хылықаралық дипломатия саласындағы маман Симон Серфатидің айтуынша, қалай болғанда да, Саддам тақтан құлағалы ирақтық азаматтардың тіршілік-өмірлері біршама жақсарған.

- Әрине, қоғамдық байланыстарға ертерек кіріскен дұрыс болар еді . Бірақ соғыстан кейінгі кезең алғаш ойлағандай оңайға түскен жоқ. Дегенмен жақсылыққа қарай өзгеріс баршылық, - дейді Серфати.

Бұл арада Гарнет Жаңалықтар қызметі хабарлағанындай, Ирақтағы американдық сарбаздар атынан жергілікті газеттерге "біз қайта құру ісін табысты атқарудамыз" деген сыңайда хаттар келе бастапты. Бірақ әзірше қол қойып, мен жаздым деген ешкім кездеспепті.
XS
SM
MD
LG