Accessibility links

Maлайзияда Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер бас қосты.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Maлайзияда Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер бас қосты. Оның барысында қарастырылған сауалдар- Ирақ жерінен шетелдік әскерилердің шығарылуы және басқа да мәселелер.

Путражайада жексенбі күні бас қосқан Мұсылман елдерінің ресми өкілдері АҚШ-тың бастауындағы коалициялық күштердің Ирақтан шығарылуына және Израил әскерлерінің Палестина жерлерінен кетуіне шақырған болатын. Осыдан бір апта бұрын Дамаскіге жақын маңды Израил әскерлері әуе зымырандарынан атқаны белгілі. Осыған орай Ислам конференциясы ұйымының бұл басқосуына жиналғандар Сирияға да қолдау көрсеткен еді. Аталған ұйымның бас хатшысы Абделаухед Белкезиз мырза былай деді:

- Біздің негізгі қойып отырған талабымыз- Ирақ жерінен шетелдік күштердің шығарылып, Ирақ мәселелеріне басшылықты БҰҰ-ның жүргізуіне мүмкіндік беру болып отыр.

АҚШ-тың басқаруындағы коалициялық күштерге көмектесу мақсатында Түркия өз әскерін Ираққа жіберуді ұсынған болатын, аталған басқосуда Түрік делегациясы өздерінің осы қадамдарын барынша қорғауға тырысты. Ирақ Кеңесіндегі Сыртқы істер министрі Хошияр Зебаридің Малайзиядағы осы басқосуға қатысуы Ислам конференциясы ұйымының ішкі жағдайын одан әрі айқындай түскендей дейді кейбір сарапшылар. Пәкістан елбасы Первез Мушарафтың пікірінше, аталған ұйым жұмысын бүгінгі күн талабына сай біраз жаңашаландыру маңызды. Ол сондай-ақ экстремистік және террорлық әрекеттерге қарсы күресте Мұсылман мемлекеттерінің өзара әріптестік орнатуына шақырды. Пәкістан Сыртқы істер министрлігі өкілінің сөзіне қарағанда, Мұсылман әлемі атынан сөйлеп, олардың қызығушылықтарын қорғай алатын және Батыс әлемімен байланыс орната алатындай дәрежеде жұмыс істеуі үшін аталған ұйымды қай тұрғыда қайта жандандыру керек? Міне, басты сауал осында екен. Алайда, бұл басқосуға қатысқандардың барлығы бірдей ұйым жұмысын жаңғыртуды қолдап отырған жоқ. Палестиналық кейбір делагаттардың пікірінше, Израил-Палестина жанжалын шешудегі жалғыз жол-қарулы күрес болмақшы. Қазанның 16,17-сі күндері Ислам конферециясы ұйымына мүше 57 елдің басшылары жоғарғы дәрежедегі басқосуға жиналмақшы. Мұның өзі 2001 жылғы 11- қыркүйек оқиғасынан бергі әзірде Мұсылман елдері басшыларының өткізетін ең ірі жиылысы болмақшы. Ислам конференциясы ұйымы басқосуына жиналғандар қабылдаған қарар жобасында Сирияға да қолдау көрсетілген. Оның мәнісі өткен аптадағы Дамаскіге жақын маңға Израил әскерлерінің жасаған әуе шабуылдарынан Сирияның қорғану хұқын жиналғандар қорғап шықты. Ал, Израил тарапы болса Исламдық Жихад қозғалысының лагерлерін ғана көздегендерін айтуда дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі.
XS
SM
MD
LG