Accessibility links

Монополист компания мен мерзімді басылым арасындағы дау

  • Гүлмира ХАМЗА

«Начнем с понедельника» газеті мен Алматыны жылумен қамтамасыз ететін «АлматыТеплоКоммунЭнерго» ашық акционерлік қоғамы арасындағы дау - газет тілшісі Анатолий Жевниннің мақаласынан кейін орын алып отыр.

Яғни, газет тілшісі Анатолий Жевнин өз мақаласында «АлматыТеплоКоммунЭнерго» ашық акционерлік қоғамы жылу бағасын пайда көру үшін көтереді, тариф бағасын көтеру арқылы монополист компания алматылықтардың миллиардтаған теңгелерін өз пайдасына алады дегенді жазған. Журналист Анатолий Жевнин өз мақаласын құжаттар негізінде, сарапшылардың дәйегі негізінде жазғанын айтады.

Оған қарамастан Алматы қаласын жылумен қамтамасыз ететін мекеме журналист өз мақаласымен оларға моральдық зиян тигізді деп сотқа шағымданып,300 мың тенге көлемінде ақша талап еткен. 14-ші қазан күні бұл іске қатысты сот отырысы болып өтті. Журналист Анатолий Жевниннің айтуынша, сот отырысы 21-ші қазан күні одан әрі жалғасады, әзірге Анатолий Жевнин соттың әділ шешім шығаратынына сенеді. Сонымен қатар, Анатолий Жевниннің пікірінше журналистің кінәсі дәлелденбесе, онда монополист компания халыққа бірнеше миллиард тенге көлеміндегі ақшаларын қайтарып беруі керек. Бұл өз кезегінде Алматыны жылумен қамтамасыз ететін компанияға тиiмсыз, сол себептен Анатолий Жевнинның айтуынша, монополист компания соңына дейін күресуі мүмкін.

Бұл орайда біз журналисттің үстінен шағымданған компания қызметкерлерінің пікірін білуге тырыстық. АлматыТеплоКоммунЭнерго» ашық акционерлік қоғамының заңгері Марат Бүркітбаев сот аяқталмай мәлімет бермейтінін жеткізді.

Монополист компания мен газет арасында болып жатқан дауды «Журналистер қауып- қатерде» атты қоғамдық қоры бақылап отыр. Бұл қордың жетекшісі Розлана Таукинаның айтуынша, бұл оқиға арқылы монополист компаниялар Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын қызмет көрсету саласына айналдыруды көздеп отыр.

- Біз газет тілшісінің қоғамдық қорғаушысы болғандықтан, журналист халық мүддесін қорғау мақсатында түрлі мәселелерді көтеріп, бұл мәселе төңірегінде қоғам арасында пікірталас туғызуға құқылы деп ойлаймыз. Сол себептен журналистерге қозғалатын істердің салдарынан Қазақстан журналистикасының дамуына мүмкіндік жоқ деп ойлаймыз, - дейді Розлана Таукина.

«Начнем с понедельника» газеті төңірегінде болып жатқан оқиғаны журналист әрі саясаткер Сейдахмет Құттықадам мемлекеттегі еркін сөзге шектеу жасаудағы тағы бір қадам деп бағалады.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер: - Менің ойымша, бұл Қазақстандағы ең соңғы тәуелсіз газеттерді алаңнан алып тастап, тек билік мүддесін қорғайтын телеарна мен газеттерді қалдыру мақсатында жасалып отырған әрекет. Бұл жағдайдан кейін, Қазақстан президенті демократия дамып жатыр деп қалай айтады?

21-ші қазан күні Алматы қаласы Жетісу аудандық соты монополист пен мерзімді басылым арасындағы дауға арналған сот отырысын одан әрі жалғастырады.
XS
SM
MD
LG