Accessibility links

Қытай өзінің бірінші ғарышкерінің космосқа ұшқанын тойлап жатыр.


Қытай мемлекеті ғарыш кеңістігіне бір ғана астронавтты алып баратын зымырандық кешенін сейсенбі күні таңертең ертемен аттандырды.

Қытайдың тұңғыш ғарышкері Яң Лиуый елдің солтүстік-батысындағы Шиучуан спутник орталығынан Шынджоу-5 ғарыш кемесінде кеңістікке жол тартқан. Осылайша Қытай -әлемдегі үшінші ел болып, косомостық мемлекеттер қатарына қосылды. Қытай космонавты жерге сәрсенбі күні қайтып оралады деп жоспарланған.

Қытайдың президенті Ху Джинтао бұл оқиғаны ел үшін аса маңызды тарихи қадам болды деп суреттесе, АҚШ оны қол жеткен ерекше жетістік деп атады.

Қытай - 2003 жылдың 15 қазанында бұрынғы Кеңес одағы мен АҚШ-нан кейін Жер орбитасына адам ұшырған үшінші ел болып тарихқа енді. Қытайдың бірінші астронавты, 38 жасар әуе күштерінің подполковнигі Яң Лиуый ұшар алдында, өзінің бұл айрықша сапардан табысты ораларына сенімділікпен былай деген:

- Мен президент Ху мен басқа да жетекшілердің қамқорлығын, қолдауын түсінемін. Мен елімде алған білімімді жақсы бағалаймын. Отаным мен халқымның күткен деңгейінен шығып, үміттерін ақтауға тырысамын. Мен еліме және президентке алдыма қойылған мақсатты толық орындауға уәде беремін. Сіздерді ұятқа қалдырмаймын.

Космос кемесі Жер орбитасын 14 рет айналып , өз міндетін 20 сағаттан сәл асатын уақыт ішінде аяқтауға тиіс.

Ғарышқа астронавт ұшырылған салтанаттан кейін Қытай президенті Ху Джинтао қытай халқын құттықтап былай деген:

- Жолдастар, біз көптен күткен Шынджоу-5 кеңістікке сәтті ұшырылды. Біздің еліміз жасаған және өзіміз оқытып- жеткізген астронавтымызды алып ұшқан космос кемесі ешбір кедергісіз діттеген жеріне жетті. Бұл біздің космонавтика саласындағы алғашқы жеңісіміз. Қытай халқы ғаламдық ғылым мен техника әлемінде тарихи қадам жасады деуге болады.

Бұл жетістік Қытайдың ұлттық ғарыштық әкімшілігі мен басқа да агенттіктерінің ұзақ жылдар жүргізген жұмысының жемісі. Халықаралық космостық қауымдастық та бұл оқиға төңірегінде қатты алаңдап, тілектестік ниет білдірді.

Американың НАСА ғарыш агенттігінің әкімшілігі Шон О Кифф Қытайды адамзаттық зерттеу тарихындағы табысымен құттықтаса, Итар-Тасс агенттігі Ресей ғарыш агенттігінің бірінші орынбасары Николай Моисеев Қытайды космостық елдер клубына қосылуымен құттықтады деп хабарлайды.

Ал өткен жексенбі күндері Американың астронавты Майкл Фоуал мен Ресей косомонавты Александр Калери Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан Қытайдың космос сапарын құттықтап, әріптестеріне сәтті сапар тілеген.

Лондондық ғарыш кеңістігі сарапшысы Александра Ашбоурн бұл тарихи оқиғадан бір күн бұрын өз ойын былай деп білдірген болатын:

- Менің ойымша оларда бұл іске деген үлкен сенім бар. Оларда қалың бұқарамен қарым-қатынасты біз Батыста ойлағандай бұрынғыдан жақсартып, жетілдірді ме, бірақ бұл алға қарай жасалған үлкен бір қадам екендігі даусыз, - дейді талдаушы.

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленумы Пекинде күрделі экономикалық реформаларды талқылаған кезде, космосқа адам ұшырылуы кездейсоқтық деуге келмейді. Биылғы жылы экономикалық өсу қарқыны 8 процентке жақындайтын Қытай экономикасы егер реформалар нәтижесінде әлеуметтік қиыншылықтар арта түспесе, жақын болашақта әлемдегі ең ірі экономиканың біріне айналады деген үміт бар. Бұған сондай-ақ космосты игерудегі табысқа деген ұлттық мақтаныш пен сенімділік те өз үлесін қосады.

Мұнымен қатар кешендік космостық қызметтің болуы әскери технология жағынан оншалықты алға кете қоймаған Қытайдың орасан көп әскері үшін стратегиялық жағынан да маңызы үлкен.

Қытайдың ғарыш кеңістігіне адам ұшыруы бұрынғы Совет одағының осындай қадамынан 42 жылдан кейін жүзеге асып отыр. Совет Одағы ол кезде тұңғыш космонавт Юрий Гагариннің Жер орбитасын айналып ұшқан сапарын қырғи-қабақ соғыс жылдарында асқан жетістік ретінде көрсетіп, насихаттай білді.

АҚШ Мәскеудің мұндай табысына қалайда жауап беру мақсатында өзінің бар ғылыми және технологиялық қабілетін жұмылдырып, Айға адам ұшыру міндетін жүзеге асырды. Сөйтіп бұл мақсат та 1969 жылы шындыққа айналып, американдық астронавт Нил Армстронг Ай бетінде қадам басты. Одан бері де көптеген космостық қызметтер орындалды, оның ішінде Мир орбиталық космос станциясы, Американың Шатл бағдарламасы тағысын-тағылар бар. Өткен ақпан айындағы қайғылы оқиғадан кейін Шатл бағдарламасы уақытша тоқтатылған. Мүмкін сол себепті де Қытай ғарыш кеңістігіне тұңғыш адам ұшырған салтанатты сәтті теледидар арқылы тікелей эфирден көрсеткісі келмеген болар.
XS
SM
MD
LG