Accessibility links

Президент Назарбаев: «Қазақстан демократия, азаматтық қоғам және мемлекет құруды бір мезгілде атқарып жатыр»


Сәрсенбі күні Қазақстан астанасында азаматтық форум жұмысы басталды.

Бұл форумға республиканың әр аймағынан келген 180 делегат, халықаралық ұйымдар мен шет елдердің Қазақстандағы өкілдері және басқа да арнайы шақырылған қонақтар мен журналистер қатысты. Форумға республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Форум жұмысында алғаш болып сөз алған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикада тұңғыш рет өткізіліп отырған форумның маңызын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті: - Бұл жиын Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуына, қоғамдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге игі ықпал жасайтын маңызды оқиғалардың бірі болады деп сенемін.

Жиырма минуттан аса сөйлеген сөзінде президент Н.Назарбаев форум Қазақстанның тәуелсіздігіне он екі жыл толуы қарсаңында өтіп жатқанын, осы мерзім ішінде елде аса үлкен өзгерістердің болғанын атап өтіп, республиканың жетістіктеріне тоқталды.

- Өткен кезең ішінде Қазақстан халқының әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды, біз біреуге қол жаймай өз күшімізбен жеткілікті табыс табуға мүмкіндік алдық. Бізге бүкіл әлем есігі айқара ашылды - оларға оқуға баруға, емін-еркін қыдырып демалуға, өз ойымызды бүкпесіз ашық айтуға қол жеткіздік. Бұдан небары 12 жыл бұрын мұның ешқайсысы жоқ еді, ал қазір бізге 100 жыл өткендей көрінеді. Азаматтық қоғам, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар демократиялық қоғамның ажырамас бөлшегі екені мәлім, сондықтан да мен сіздермен бірге осы форумға қатысып отырмын және сіздерді қолдаймын, - деді президент Н.Назарбаев.

Н.Назарбаевтың айтуынша, қазірде Қазақстан, басқа елдермен салыстырғанда, бір мезгілде демократияның, азаматтық қоғамның және мемлекеттің негізін қалап жатыр.

- Ал өзге елдерде демократия дамыған азаматтық қоғамның негізінде қалыптасқан болатын. Бұл жолда үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан еңбегі ерекше, олар елдің саяси мәдениетін көтеруге, либералды құндылықтар мен демократияны дамытуға көп еңбек сіңіріп жүр, - деп атап өтті президент Н.Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстан президенті қиын кезеңдерде республикаға қол ұшын беріп, елдің дамуына қазір де атсалысып келе жатқан халықаралық және шетелдік ұйымдардың атына да алғысын айтты. Мұнан соң ол жақын жылдары Қазақстанда жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өкілеттігін ұлғайту, сайлау жүйесін кеңейту, құқықтық саланы ізгілендіру секілді үлкен реформалардың жүргізілетіндігін сөз етті. Бұл істерде қиындықтардың аз еместігін ескерткен Н.Назарбаев осыларды жүзеге асыруға азаматтық қоғамның қолдауы маңызды екенін айтты.

- Біз елде өлім жазасын жоюды кезеңдеп жүргізуге болатынын айтқан едік, бірақ қоғам арасында бұған қарсы пікір айтылып отыр. Олар мойнына адам қанын жүктегендерді өлім жазасына кесуді құптайды, Халықтың ондай пікірімен санасу керек. Дегенмен де келешекте біз өлім жазасын алып тастаймыз деп сенемін. Бұл мәселеде үкіметтің ұстанымын халық арасында түсіндіру жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдардың да атсалысқаны абзал болар еді, - деді Қазақстан елбасы.

Бұдан өзге Қазақстан елбасы республикада Ұлттық ақпарат ресурстар орталығын құру туралы пікірін айтты. Сондай-ақ ол үкіметтік емес ұйымдарды ауылды жерлерде белсенді жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекет екі жарым жылдың ішінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына 1 млрд. доллардан астам қаржы жұмсағалы отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG