Accessibility links

Ирак Саддам банкноттарымен қоштасып жатыр.


Ирақта бейсенбіден бастап, жаңа ақша қолданысқа енгізілді.

Елдің 250 банкі Саддам Хусейін заманының ескі динарларын енді бұрынғы көсемнің бейнесі жоқ, жаңадан жасалған динарларға үш айдың ішінде алмастырып, алдағы қарашаның өзінде жалақыны жаңа ақшалармен төлей бастайтын болады. Азаттық радиосының Бағдадтағы тілшісі Валентинас Митте Ирақ тұрғындарының ескі динарларын жаңасына айырбастауы үшін бас банктің маңайында қауіпсіздік шаралары күшейтілді деп хабарлайды.

Бағдадта тақтан қуылған Ирақ басшысы Саддам Хусейінге берілген күрескерлер ақша айырбасы басталған күні банктерге шабуыл жасаулары мүмкін деген қауесет тараған болатын. Бүкіл ел ішінде 40 мыңдай полиция қызметкері банктерді мықты күзетке алған, оларға АҚШ әскерлері көмектесуде. Барлық ескі ақша алдағы қаңтар айының 15-не дейін айырбасталып бітуі тиіс.

Бағдадтың орталығындағы Әл-жамия тұрғын ауданындағы Рафадин банкі ғимаратын үш танк қоршап тұрса, 30-ға тарта полиция мен қауіпсіздік қызметкері де сол маңайдан табылады. Банк үйіне кіретін адамдардың әрқайсысы мүқият тінтілген соң ғана жіберіледі. Кезек күтіп ондаған адам тұр. Банк менеджері Хусейін Әл-Муссауи қауіпсіздік қиындап кетеді деп қорқатындығын жасырмайды.

- Біз әсіресе тұрғын аймақтарда қауіп-қатер ұлғайып, тынышытық сақтау күрделене түсе ме деп ойлаймыз, - дейді ол.

Муссауи алғашқы екі сағаттың өзінде ескі ақшаларын жаңасына айырбастап алу үшін 300-дей адамның келгенін айтады. Қолдарына Ұлыбританияда сапалы қағазға басып шығарылған, бұрынғы банкноттардан көлемі де кішілеу болатын жаңа ақша тиген Ирақ адамдары бақытты көрінеді. Саддам кезіндегі бір ғана 250 динарлық банкноттың орнына алты өлшемдегі 50-ден бастап, 10 мыңға дейінгі шығарылған жаңа ақша үлгілерінде Ирақтың ерте кездегі даңқ-дәстүрінен хабар беретін, ежелгі Вавилон билеушісі Хаммурабиден бастап, араб әлеміндегі ең ескі - Әл-Мұстансариа діни мектебінің, сондай-ақ қазіргі дамыған өндірісті бейнелейтін суреттер басылған.

Бұрынғы Саддам динарына бір жаңа динар тең болса, солтүстіктегі күрд аймақтарында қолданылып келген "швейцария динары" деген атпен белгілі ақшаға жаңа динардың 150-і беріледі. Ирақтың жаңа ақшасы басқа валютаға еркін алмастырылатын болады, айырбас өлшемі шамамен бір долларға 2000 динар.

Ескі ақшаларын жаңасына айырбастап үлгерген кәсіпкер Алла Абдул Карим жалған ақшаға ие болғысы келетіндер үшін қорғаныс қабілеті жоғары жаңа динарларды қолдан жасау мүмкіндігі болмайды және жаңа валютаның айналымға енгізілуі жақын уақытта елдегі экономикалық жағдайдың жақсаруына әсер етеді деп білетіндігін айтады.

30 жасар Вассен есімді әйел де жаңа ақша – жақсы уақыттың келгенінің белгісі деп, көптеген ирақтықтарға тән ортақ қуанышты білдірді.

- Жаңа валюта Ирақтың солтүстігі мен оңтүстігін біріктіретін болады.

Карима атты жергілікті адвокаттың бірі де жаңа банкноттар - АҚШ бастаған соғыстың өзгерістер әкелгенінің бір белгісі, Ирақ адамдары жақсы жаңалықтарға зәру деп атап көрсетеді:

- Бүкіл ұлт ақшаның айырбасталып, өзгергенін керек етеді, өйткені оның беттерінен Саддамның бейнесі жоғалады, адамдар психологиялық жағынан әбден шаршады.

Көшеде сауда жасап тұрған Мұхаммед те су жаңа шытырлаған динарларды қолына ұстап тұрып, ескі ақшалардың жаңарғанына ризалығын жасыра алмаған. Бағдадтың Мансур ауданындағы мейрамханалардың біріндегі есепші Тафир Маки де мұндағы даяшыларды жаңа ақшаларды қолдарымен ұстап көріп, қызықтауға шақырып, оның өте жақсы жасалғанын айрықша айтып жатыр.

-Ең бір маңыздысы, біз енді ақшаның беттерінен Саддамның бейнесін көрмейтін боламыз, - дейді ол.

Жаңа енгізіліп жатқан динарлар Ирақ тұрғындарының өміріне іс жүзінде біршама өзгерістер әкелері анық, бір ғана мысал олар бұған дейін кішкентай бір нәрсе сатып алу үшін ең кемінде 250 динардың саудасын жасаулары керек болатын.

Ирақтағы Америка әкімшілігі де, уақытша үкімет те айналымға енген жаңа ақша - Саддам кезеңінің келмеске кеткенін айқын дәлелдейтін жайттың бірі болады деген үміт-сенімде.
XS
SM
MD
LG