Accessibility links

Мәжiлiсi депутаты Қуаныш Алпысбеков : “Жаңартылған жолдар талапқа сай емес”

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қайта жаңартылған Астана-Алматы күре жолының ашылуына орай Көлiк және коммуникация министрлiгi ұйымдастырған журналистiк автокеруеннiң шырқын тосын уақиға бұзды.

Балқаш пен Алматы арасында тiзбектегi бiр микроавтобус аударылып қалған. Жолаушылар аман. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана-Алматы жолының жаңартылуын Қазақстанды транзиттiк мемлекет ету мақсатын көздейтiн елеулi жоба деп бағалаған едi. Ал Мәжiлiс депутаты Қуаныш Алпысбековтiң пiкiрiнше, жаңғыртпа жұмыстары кезiнде ақша үнемдеуге баса мән берiлген де, жол тым тар болып шыққан. Соның салдарынан көлiк апаты күрт көбейiп кеткен. Мысалы, Алматы-Астана- Бурабай тас жолының бойында осы жылдың 9 айында ғана 52 адам опат болып, 84 адам жарақат алған. Ал жол жөнделмей тұрып көлiк апатынан қаза табатындар саны жылына 16-18-ден аспайтын.

Астана-Алматы күре жолының тұсаукесерi қазанның 13-i күнi өткiзiлгенмен, жолдың басым бөлiгi және Астанадан Бурабайға апаратын жалғасы әлдеқашан пайдалануға берiлген болатын. Алпысбеков мырза: «Жаңғыртпа жұмыстары басталғанда Алматы-Астана-Бурабай күре жолын дамыған елдердегi зырғыма даңғыл дәрежесiне жеткiзу көзделген-дi. Бiрақ, iс жүзiнде олай болмай шыққан»,-- дейдi. Оның айтуынша, аталған күре жол халықаралық талаптардан көп төмен жатыр.

Ұзындығы 1400 шақырым Алматы-Астана-Бурабай күре жолының 50 шақырымы ғана 1- дәрежелi техникалық талапқа сай. Қалған бөлiгi 2-ші және 3- дәрежеде. Яғни, қарама-қарсы қозғалысқа арналған екi таспалы ғана жол. Мұндай жағдайда жолдың тегiстiгiнен зиян болмаса, пайда жоқ. Өйткенi, жылдамдықты шамадан тыс арттырып жiберiп, апатқа ұшырайтындар аз емес көрiнедi. Алпысбековтың сөзiне қарағанда, Алматы-Астана-Бурабай тас жолы халық арасында «Қанқұйлы даңғыл» атала бастаған. Сондықтан ол Үкiмет басшысы Даниял Ахметовке жолдаған сауалында Алматы-Астана-Бурабай күре жолын төрт таспалы жол етiп қайта жобалау, яғни, 1-дәрежелi техникалық стандартқа жеткiзу қажеттiгiн ұсынады. Мамандардың есебiне қарағанда, сөз болып отырған жолды кеңейтуге 518 миллион доллар қажет. Ал Алматы – Астана тас жолын қайта жаңарту үшiн 250 миллион доллар жұмсалып, жөндеу жұмыстарына 7 мың адам жұмылдырылған болатын.
XS
SM
MD
LG