Accessibility links

Ауғанстандағы Ажар аңғарындағы киелі үңгір немесе тау қабыландары


Гиндукуш тауларының Ауғанстанға кіріп жатқан мүйісінде Ажар атты аңғар бар. Бұл аңғар кезінде Ауған патшасы Захир шахтың аң аулайтын сүйікті орны болған.

1977 жылы Ажар аңғары ұлттық қорық деп жариаланғанымен одан кейін басталған Совет әскерінің шабуылы, азамат соғысы салдарынан аңғар әлі де иесіз қалып отыр.

Ажар. Ауғанстан. Қазанның 17. Радиомыздың тілшісі Ледгард хабарлайды. 1979 жылғы Совет шабуылына дейін Ауғанстанда 6 қорық болған. Соның бірі Ажар қорығы. Бұл Ауғанстан жеріне кіріп жатқан Гиндукуш таулары жотасында жатыр. Ажар аңғарының жоғары тұсындағы биіктен Ажар өзені бастау алады. Бастауда Чилтан атты үңгір бар. Халық аңызы бойынша бір заманда осы үңгірге келіп 40 кісі мәңгілік ұйқыға кетсе керек. Олар тек заманақырда оянады дейді аңыз. Аңғар 1974 жылға шейін ол кездегі Ауғанстан патшасы Захир шахтың аң аулайтын сүйікті орны болған. Патша осы жерде дем алып тіптен шомылатын хауыздар да салған. Бүгінде солардың бәрі қирап жатыр. Алайда, аңғар иесіз емес. Жалғыз үйлі Хұсейн деген ақсақал бар. Хұсейн кезінде Захир шахтың аң аулаған кездегі атқосшысы болған. Бүгінде 70 келген ақсақалдың 5 әйелі, 24 баласы бар. Сіз 1979 жылдан бері осынау қорыққа аяқ басып тұрған тұңғыш шетелдіксіз дейді ақсақал радиомыздың тілшісіне:

"Ие, мен осы аңғарда туылғанмын. 17 жасымнан бастап мен ұлт атасы Захир шахқа атқосшы болдым."

Хұсейн ақсақал Гиндукуш тауларында 1956 жылы болған жер сілікінісін еске алады:

"Жер сілкінісі өзен жолын жауып тастады. Соны көрген Ұлы мәртебелім су жолын ашыңдар деді. Оның бір капитанымен бірге біз су жолын аштық".

Осы аңғарға ие болыңыз деп маған патша хат берді дейді ақсақал:

"Ол өзі тамаша патша болды. Әділетті еді. Ержүрек еді. Оның жүрегі нағыз патшаның жүрегі еді. Кедей-кембағалға мейірімді болды".

Хұсейннің үлкен Юсуфтың айтуынша бұл жер патша заманында жер бетіндегі жұмақтай болған. Жол, жұрт тоқтайтын орындар бәрі болған. Содан кейін әртүрлі төңкерістер басталып аймақ қаңырап бос қалған.

"Төңкерістерден бұрын тамаша болатын. Содан билік басына партиялар келді де бәрін құртты".

Хұсейн ақсақалдың айтуынша бұл қорықта жабайы аң деген жыртылып айырылады. Олардың ішінде қабылан, сілеусін, барыс, арқар, қасқыр, шағал дегендеріңіз бықып жүр. Қорық аумағы 40 мың гектардай. Өкінішке орай қорықты қорғаудың заңдық және материалдық негізі әлі жоқ. Бүгіндері Ажар қорығын қоруға шетел араласады делініп отыр. Осында шетелдіктер келіп жергілікті ауғандықтардан қорықшылар дайындайтын көрінеді. Ажар қорығын қалыпқа келтіруге бүгінде көзі тірі, Ауғанстанға қайтып оралған Мохамед Захир шах та өз үлесін қосуға құштар делініп отыр.
XS
SM
MD
LG