Accessibility links

Би-Би-Си қазақ қызметі әуе толқынына қайта шығады


27 қазан, дүйсенбіден бастап, Би-Би-Си қазақ қызметі қайтадан Қазақстан аумағына хабар тарата бастайды.

Осыған орай жұма күні Ұлттық баспасөз клубында Би-Би-Си- қызметкерлері жергілікті журналистердің басын қосты. Онда Орта Азия мен Кавказ аймағына хабар тарату қызметінің басшысы Халид Исмаилов, Би-Би-Си-дің қазақ бөлімінің қызметкерлері өз жұмыстары туралы айтты. Бір жылға жуық тоқтап қалған қазақ тіліндегі хабарлар енді 30 минут қайта таратыла бастайды.

Бұл жөнінде Халид Исмаилов: - Алматы мен Астанадан басқа Қарағандыда, Қызылорда, Шымкентте және Сарыағашта Би-Би-Си хабары таратылады.Біздің жоспарларымыз үлкен. Болашақта ФМ станциялары арқылы барлық қалаларды қамтығымыз келеді, - деді.

Одан кейін Би-Би-Си радиосының құрылымына тоқталды. Британияның радиохабарын тарату корпорациясы құрамындағы бүкіләлемдік Би-Би-Си радиосында 1,5 мыңдай адам жұмыс істейді. Әлемнің әр жерінде 45 тілде хабар тарататын бюросы бар. Ал қазақ редакциясы болса, ол Орта Азия мен Кавказ қызметінің құрамында. Ол 1994 жылы ашылған.

Би-Би-Си-дің қазақ бөлімінің алдағы жұмысы туралы радио тілшісі Дәулет Қабдешұлы мен Дина Жансағым айтып өтті.

30 минуттық уақыт аралығында негізінен халықаралық және аймақтық жаңалықтар таратылады. Сондай-ақ, спорт, шоу бизнес, аты әлемге әйгілі адамдар тағдыры, басқа да толып жатқан мәселелерді қамтиды.

Би-Би-Си-дің өзге радиолардан нендей айырмашылығы бар деген сауалымызға: - Ол жекеменшік те мемлекеттік те емес, ол тәуелсіз, қоғамдық компания, құрылтайшысы халық, қоғам.ерекшелігі сонда, - деген жауап қайтарылды.

Би-Би-Си-дің әзірге Алматыда шағын бюросы бар. Астанада тілшілері жұмыс істейді.

Осылайша, Қазақстанда БИ-Би-Си радиосы өз жұмысын жандандырып, әуе толқынында хабарларын таратуды ұлғайта түспек.
XS
SM
MD
LG