Accessibility links

Алматы әсем қала, бiрақ лас қала


Үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы қаласының ірге тасы қаланғанына 149 жыл толды.

Қарапайым қазақстандықтардың айтуынша, Алматы шаһары жылдан жылға көркейіп, үлкейіп келе жатқанымен экологиясы нашар болып кеткен.

Гүлжан Әбішева жастық шағын Алматыда өткізген, алайда Гүлжан Әбішеваның айтуынша, оның жастық шағындағы Алматының экологиясын қазіргі Алматымен салыстыруға болмайды.

Гүлжан Әбішева, Алматы тұрғыны: - Мен 1984-1989 жылдары Алматыда жоғарғы оқу орнында оқығам, сол кезде біз достарымызбен саябақтарға жиі серуенге шығатынбыз. Сол уақыттары Алматының тазалығы адам қызығатындай еді. Соңынан 1999 жылы келіп Алматының ластанып кеткенін байқадым. Сонымен қатар, қазіргі кезде Алматыда көлік көп, ауаның тазалығыда сын көтермейді.

Гүлжан Әбішева мен салыстырғанда Жанар Иманқұлованың Алматыда тұрып жатқанына 3 ай ғана уақыт болған. Жанар Иманқұлова қазірдің өзінде Алматының ауасы денсаулығына әсер ете бастағанын айтады.

Жанар Иманқұлова, шәкірт: - Мен Алматыға келіп оқуды армандайтынмын, себебі Алматы Орталық Азиядағы үлкен қалалардың бірі, әрі әсем қала. Бірақ Алматыда келгелі бері менің басым ауратын болды. Себебі Алматыда көлік көп. Осы мәселені ретке келтірсе, деп ойлаймын.

Алматы экологиясы болашақ заңгер маман, Қазақ ұлттық университетінің 4-ші курс шәкірті Мәдина Ыдрысовағада ұнамайды. Алматының экологиясы жөніндегі пікірін Мәдина Ыдырысова былай деп білдірді.

Мәдине Ыдырысова, шәкірт: - Өздеріне дүкен немесе жанар-жағар май бекетін салу керек болса, біздің кәсіпкерлер Алматыда бар ағашты шауып тастауға дайын. Бұл келеңсіз жағдайды көріп отырған Алматы әкімшілігі оларды жауапқа тартпайды, нәтижесінде Алматының ауасы ластанып кеткен.

Эколог мамандардың сөзіне жүгінсек, Алматы Қазақстанның лас қалаларының бірі. Сол себептен Алматы қаласы Қоршаған ортаны қорғау басқармасының маманы Амангелді Айнағұловтың айтуынша, оңтүстік астана тұрғындары арасында өкпе ауруына шалдығатындар көп кездеседі.

Амангелді Айнағұлов, Алматы қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының маманы: - Шын мәнінде Алматының ауасы лас. Оған жылдан жылға көбейіп келе жатқан көлік саны әсер етіп отыр. Қазіргі кезде Алматы қаласының өзінде 300 мыңдай авто –көлік бар. Сол себептен Алматы Қазақстанның лас қалаларының біріне жатады. Шын мәнінде Алматының ластығына алматылықтардың өздері де кінәлі. Мысалы, қала маңы қоқысқа толы, оны кім тастайды алматылықтардың өздері тастайды. Негізінде, қоқыс тастайтын жер Алматыдан 15 шақырымдай жерде орналасқан, бірақ бар қоқысты біздің жүргізушілер ол жерге апаруға ерінеді де, оны бір жақын маңайға апарып төгеді.

Экологтар қоршаған орта мәселесін сәлде болса жақсарту үшін халық арасында Жер Ананы аялау жөнінде арнайы нәсихат жүргізу керек, дегенді айтады. Амангелді Айнағұлов бұл өте ұзаққа созылатын жұмыс дегенді ойда.

Амангелді Айнағұлов, Алматы қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының маманы: - Қазіргі кезде біз балабақшаларда, мектептерде экологияны қорғау жөнінде нәсихат жүргіземіз, балаларға түсіндіреміз, бірақ бұл жұмыстар бір күнмен аяқталмайды ғой. Бірақ нәсихат жұмысы жүргізіліп жатыр.

Эколог мамандардың пайымдауынша, Алматы экологиясының соңғы жылдары нашарлап бара жатқанына құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі де әсер етіп отыр.
XS
SM
MD
LG