Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстанда ана мен бала, отбасы мәселелерін шешудің – мемлекеттік мәсеге айнала алмай отырғандығы туралы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

“Алтын Орда” апталығының кезекті санында жарық көрген Рәзиға Әшееваның мақаласындағы келтірілген деректерге қарағанда, ана, бала, отбасы мәселелерін шешу – мемлекеттік мәселеге айнала алмай отырған көрінеді. Қазақстанда соңғы жылдары балалар арасындағы ауру-сырқау 16,3 процентке өскен. Яғни балалардың ауруы 1998 жылы 100 мың адамға шаққанда 65586 бала болса, 2002 жылы бұл көрсеткіш 78315 бала болыпты. 2002 жылы Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында кем болып туған бала саны 1998 жылмен салыстырғанда 1,4 есе өскендігі байқалады. Медициналық статистка деректері бойынша, соңғы бес жылда жеткіншектер арасындағы ауру-сырқау 1,5 есе өскен. Мұнымен қоса имандылық дағдыларының және санитарлық сауаттылықтың төмендеуі салдарынан жыныс арқылы берілетін аурулар саны өсіп кеткен. Қазір Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 423 он бес пен он тоғыз жастағы балалар мен жасөспірімдер тіркелген” деген мақала авторы Қазақстандағы әйелдердің ауыр тұрмысын да тілге тиек етеді.

Қазақстанда әйелдердің денсаулық сақтау индексі 30 процент, ал кейбір өңірлерде 20 процент қана болып отыр. Ресми деректер бойынша жүкті әйелдердің 35 проценті ғана қалыпты босана алған. Денсаулықтың төмендігінен түсік тастау деңгейі де жоғары. Әйелдердің 44,9 проценті ең төмен күнкөріс деңгейінен де аз табыс табады. Олардың жалақысы қызметтің барлық түрлері бойынша ерлер жалақысының 60,4 процентіне ғана тең. Ресми тіркелген жұмыссыз әйелдердің саны 60 процентке жуық. Мақала авторының айтуы бойынша қазіргі таңда жетім балалар мен анасының асыруынсыз қалған балалар саны 92 мыңнан асады екен.

Аталмыш тақырып “Караван” апталығының кезекті санында жарық көрген Жанар Қанифинаның мақаласында жалғасын тауыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында демограф Мақаш Тәтімов, соңғы жылдары Қазақстанда бала туудың көбейіп келе жатқандығын тілге тиек етеді. Дегенмен соңғы он екі жылдың ішінде Қазақстан халқының саны екі миллионға кеміп кетіпті.

21 қазанда “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы бойынша Парламентте құрылған жұмыс тобының алғашқы кеңейтілген басқосуының болып өтетіндігі белгілі. “Жас алаш” газетінің 21 қазан күнгі санында жарық көрген мақаласында Сәкен Сыбанбай осы тақырып төңірегінде ой толғапты. Мақала авторының айтуы бойынша меншік иелері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге өз тарапынан қарсылық білдіріп отыр. Олар алтыншы баптың екінші тармағын : “Бір меншік иесіне тиесілі бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдегі телевизия және радио хабарларының апталық мөлшері көлемі жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық мөлшерінен кем болмауы керек” деген өзгерту енгізгісі келіп отыр. Олардың мақсаты – бір медиа-холдингтің құрамына кіретін “31 арна”, “Таң” телеарналары мен “Радио 31” стансасының үшеуінің хабарларын бірігіп қосқанда 50 процентке жетсе болды, соны заңдастыру. Мұндай өзгертуі бар ұсыныстарға қол қойғандардың қатарында Қазақстан журналистері Конгресінің төрағасы Сеитқазы Матаев бастаған бір топ қазақ басылымдарының редакторлары да жүрген көрінеді” дейді мақала авторы.

Таяуда кедейшілікті түп-тамырымен жоюға арналған Халықаралық күннің атап өтілгендігі белгілі. “Начнем с понедельника” апталығының кезекті санында Қазақстандағы кедейшілікті қалай жоюға болатындығына байланысты бір топ саясаткерлер, мәжіліс депутаттары өз ойларын ортаға салыпты. Мәжіліс депутаты Черкашинаның айтуынша бүгінгі таңда әсіресе кедейшілік ауылды жерлерде қатты белең алған. Ауылды жерлердегі зейнеткерлердің зейнетақасының да өте темен екендігі ешкімге жасырын емес. Мәжіліс депутаты Черкашина кезінде дұрыс жүргізілмеген саясаттың салдарынан ауылдың тұрмыс-тіршілігі ауыр күйге түсті деп есептейді.

Ал “Ақ жол” демократиялық партиясының белсенді мүшесі Тавановтың пайымдауынша Қазақстандағы кедейшілікті азайту мүлде мүмкін емес. Оның айтуынша Қазақстанда қандай шаралар жасалса да, ол шаралар кедейшілікті жоюға ықпал ете алмайды. Өйткені Қазақстанда нақты істерден гөрі көзбояушылық басым. Қазақстан халқы қазіргі кезде ешқандай да бағдарламалардың олардың тұрмысын түзеуге әсер ете алатындығына сенбейді. Жыл сайын Қазақстандағы кедейлердің саны азаюдың орнына көбейіп келеді” дейді “Ақ жол” партиясы белсенділерінің бірі Таванов.

“Егемен Қазақстан” газетінің 21 қазан күнгі санында жарық көрген Әділ Дүйсенбектің мақаласында оралмандар тақырыбы сөз болыпты. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, бір топ оралмандар зейнетақыларының көтерілмегендігін сөз қылып, газетке хат жазады. Хатқа қол қойған оралмандар арасында 40-45 жылдық еңбек өтілдері бар мәдениет пен өнер қызметкерлері, ауыл шаруашылық және өндіріс мамандары да кездеседі екен.

“Экспресс К” газетінің кезекті санында жарық көрген Николай Халабузардың мақаласында Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін тұңғыш рет сот процесі болғандығы туралы хабарланған.
XS
SM
MD
LG