Accessibility links

Қазақстан президенті шетелдік дипломаттармен кездесті


Жыл сайын өтетін дәстүрлі жиынға биыл Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 54 шетелдік және халықаралық елшілік ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кездесуде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы осымен бесінші жыл қатарынан даму үстінде келе жатқанын атап өтті.

- Қазақстан үшін биыл да табысты жыл болып отыр, елде негізгі капиталға салынған инвестициялар мен сыртқы сауда көлемі артып, еңбек нарығындағы жағдай жақсарып, қаржы саласы нығайып келеді. Біз бұл саясатты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз, - деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев.

Мұнан соң Н.Назарбаев жаңа жылдан бастап Қазақстанда қосымша құнға салынатын салық пен табыс салығының көлемі азайтылатынын, сонымен бірге бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға, ал мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 50 пайызға өсетінін айтты. Қазақстан елбасы бұл шаралар елде жемқорлық пен пара алуға қарсы күрес аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.

- Шетелдік іскер топтардың көңілі негізінен республиканың энергетикалық саласына түседі, алдағы 10-15 жылда Қазақстанның мұнай-газ саласына 150-200 млрд доллар инвестициялық қаржы құйылады деп жоспарланып отыр, - деді президент Н.Назарбаев.

Ол бұған дейін жасалған барлық келісім-шарттардың күшінде қалатынын, алайда бұдан былай жаңадан жер қойнауын игеру үшін тендер өткізу кезінде Қазақстанға барынша пайдалы жобалар ұсынғандар басымдылыққа ие болатынын мәлімдеді.

- Біз Қазақстанға келетін шетелдік капиталдың шикізат саласынан өңдеуші салаға, жоғары технологиялар мен ауылшаруашылығына қарай ойысуын қалаймыз, сонымен бірге осы жобаларға шетелдік компаниялармен бірге Қазақстанның өз қаржылық институттары да қатысып, оның табысы мен тәуекелін бөлісетін болады, - деп ескертті Қазақстан президенті.

Елдің ішкі саясаты туралы сөзінде президент алдағы уақытта Қазақстанның сайлау заңдылығына өзгерістердің енгізілетіндігін бұл жолы тағы да атап өтті. Халықаралық мәселелерге байланысты айтқан сөзінде президент Н.Назарбаев Қазақстан өзінің жақын көршілерімен және әлемдегі алып мемлекеттермен қарым-қатынасын нығайта беретінін айтты.

Кездесуде Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктер атынан сөз алған Палестина мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мохаммед Таршахани, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Фикрет Акчура өздерімен достық қарым-қатынасты ұстанып келе жатқан Қазақстан мемлекетінің басшылығына алғыс лебіздерін білдірді. Мұнан соң Қазақстан президенті атынан шетелдік елшіліктер басшыларына арнайы қонақасы берілді.
XS
SM
MD
LG