Accessibility links

Терроршылдыққа қарсы соғысқа екі жақтың діни көзқарасы.


2001-інші жылдың 11 қырқүйегінен соң АҚШ елбасы Джордж Буш терроршылдыққа қарсы күрес иудей-христиaн қоғамының ислам әлеміне қарсы соғысы емес деп үнемі мәлімдеп келеді.

Бірақ бір қорғаныс саласының жоғарғы дәрежелі өкілі бұған шүбә келтірді. Ал Малайзия үкіметбасы, Израиль мен оның Батыстық одақтастарын алаңдатып жоғарғы дәрежелі исламдық бас қосу кезінде, еврейлер әлемді басқалардың сенімімен басқарып жатыр деді.

Өткен айларда Құрама Штатардағы христиaн шіркеулерінде сөйлеген сөзінде АҚШ армиясының генералы Уильям Бойкин, АҚШ-тың терроршылдыққа қарсы соғысы тікелей шайтанмен қақтығыстың нағыз өзі,-деп мәлімдеді.

Бойкин жәй ғана АҚШ жоғарғы шенді сардары ғана емес. Ол, сондай-ақ, қорғаныс бойынша мемілекеттік хатшының барлау бойынша көмекшісі. Ол қарулы күштердің ғана өкілі емес, сондай-ақ Буш әкімшілігініңде мүшесі. Ол бұған қоса Әл Қайда көсемі Усама бин Ладен мен бұрынғы Ирақ елбасы Саддам Хусейнді іздестіруге жауапты.

Өзінің бір жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Бойкин, 1993-інші жылы Сомалидeгі қарулы жасақ басшысының, маған ешқандай зиян келмейді, өйткені Алла үнемі мені қорғайды деп, мақтанғаны туралы айтып, өткен аптада көпшілікке белгілі болған жеке меншік бір видео таспаға жазылып алған көріністе ол былай деген:

"Мен, өз құдайымның оның құдайына қарағанда үстем екендігін білдім. Мен, өз құдайымның нағыз құдай және оныкі пұт екенін білдім."

Бойкиннің мәлімдемесі елбасы Буштың АҚШ-тың Әл Қайда мен өзге де террорлық топтармен соғысы Шығыс пен Батыс өркениеттерінің соғысы емес деген үнемі айтылатын мәлімдемесіне қарама-қайшы келеді. Буштың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Кондолиза Райстың айтуынша, " Буштың бұл мәселеге көзқарасы айқын, бұл діндер арасындағы соғыс емес."

Ал қазаның 16-ысы күні Малайзияда өткен Ислам Конференциясы ұйымының 57-і елдің жоғарғы дәрежелі өкілдері қатысқан бас қосуы кезінде малай үкіметбасы Махатхир Мұхаммед, еврейлер байқуатты елдерді ақылды түрде билеулері арқасында мұсылмандарға айланып тиіп жатыр,-деді. Махатхирдың айтуынша, "еврейлерге қара күшпен емес" "ақылмандық арқылы" соққы берген абзал.

"Мұсылмандар шындап келгенде қайратты. 1 миллиард 300 миллион халық оп оңай ысырылып жіберіле алмайды. Европалықтар Холокост кезінде 12 миллион еврейдің 6 миллионын өлтірді. Бірақ қазір, еврейлер басқалардың сенімімен бұл әлемді басқарып отыр. Олар, өзгелерді өздері үшін күресіп және өлуге мәжбүрлейді", - деді ол.

Махатхирдың мәлімдемесін еврей ұйымдары мен Израиль үкіметі айыптап жатыр.

Билл Клинтон уақытында вице-президент Ал Гордың ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісі болған Леон Фуерттың Бойкинге байланысты айтуынша, генералдың мәлімдемесін Буш әкімшілігінің пікірі деп қабылдаудың қажеті жоқ.

Ал Вашингтонда ұйымдастырылған Американ-Ислам Қатынастары бойынша Кеңес, Бойкин қазіргіден төмен әрі ұлттық құпияларға қол жеткізбейтін қызметке ауыстырылуы тиіс деп талап қойуда.
XS
SM
MD
LG