Accessibility links

Төлен Тоқтасынов: «Мәжiлiс депутаттарына «Қазақгейтке» байланысты үндеу-хаттар көптеп түсуде»

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Атышулы «Қазақгейт» iсiне байланысты халық арасында қауесет көп. Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Төлен Тоқтасынов: «Бұған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күнге дейiн үнсiз отырғаны себеп болуда», - деп мәлiмдедi.

Оның сөзiне қарағанда, Сенат пен Мәжiлiстiң төрағаларына және бiр топ депутаттарға осы мәселеге байланысты хаттар көптеп келуде. Оларда Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа түсiнiктеме беруiне депутаттардың ықпал етуi сұралады. Қазақстан Конституциясы бойынша, Парламент депутаттарының Мемлекет басшысына сауал жолдауына құқы жоқ. Алайда, сайлаушылардың үндеуiн Президентке жiберуге, жариялауға мүмкiндiк берiледi. «Бүгiнде сайлаушылардың үндеу-хаттарын жинастырып жатырмыз», - дейдi Төлен Тоқтасынов.

Төлен Тоқтасынов бiрнеше апта бұрын Үкiмет басшысы Даниал Ахметовке «Қазақгейтке» байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Шет елдiк ақпарат көздерiне сүйенген Тоқтасынов мырза Нұрсұлтан Назарбаевтың адвокаттарына миллондаған доллар гонорар төленiп жатыр деген әңгiменiң рас--өтiрiгiн анықтап берудi сұрап, женевалық адвокат Марк Бонне мен вашингтондық «Паттон Боггз» фирмасымен жасалған келiсiм-шарттарды алға тартады. Тәуелсiз ақпарат құралдарында жарияланған құжаттарға сүйенсек, оның алғашқысына 2003 жылғы мамырдың 17-сiнде Қазақстан Президентiнiң сол кездегi кеңесшiсi Болат Өтемұратов, ал «Паттон Боггз» фирмасымен жасалған келiсiм-шартқа «Қазақстанның» корпоративтiк қоры деген белгiсiз бiр құрылымның атынан сол кездегi вице-премьер Кәрiм Мәсiмов қол қойған. Төлен Тоқтасынов бұған Үкiметтiң қандай қатысы бар, әлгi құжаттарда көрсетiлген сомалар төлендi ме, төленсе, қандай көздерден төлендi, деген сұрақтар қояды.

Парламент мәжiлiсiнiң регламентiне сәкес, Үкiмет басшысының жауабы 1 айдан кешiктiрлмеуге тиiс.Тоқтасынов: «Жауап келсiн-келмесiн, аталған келiсiм-шарттардың бар екенiне күмән жоқ. Америка Құрама Штаттарында Джеймс Гиффеннiң үстiнен қозғалған сот iсi Қазақстанның К-1 және К-2 деген жұмбақ азаматтарының кiм екенiн бүгiн болмаса, ертең анықтап беретiнiне сенiмдiмiн, - дейдi.
XS
SM
MD
LG