Accessibility links

Ресей мен Украина арасында шекара дауы болды

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Украина – Ресей арасында туындаған шекара дауына орай Украина президенті Леонид Кучма Латын Америкасына жоспарлаған сапарын тоқтатты.

Қара теңізбен Азов теңізі арасындағы Керч бұғазына Ресей жағының дамбы салуға кірісуі екі ел арасында осынау шекара бөлшегі үстінде бұрыннан созылып келе жатқан кикілжіңді ашық жанжалға айналдырды. Сіздер Керч бұғазы үстінде Ресей мен Украина арасында жанжал туып отырғаны жөнінде хабарды тыңдадыңыздар.

Украина жағының құрылысты тоқтату жөніндегі неше рет ескертуіне қарамастан Ресей Украинамен шекарадағы Керч бұғазында дамба көтеруге кірісті. Бұл екі ел арасындағы жанжал отына май құйғанмен бірдей еді деп жазады радиомыздың тілшісі Асколд Крушелницкий.

Сәрсенбі күні Украина президенті Латын Америкасына жоспарлаған сапарын тоқтатты. Ресей сала бастаған дамба Краснодар өлкесінің жағалауын Ураинаның Тузла аралымен жалғайтын болмақ. Ресей жағы болса бұл дамба құрылысы экологиялық мақсаты көздейді, яғни осы бұғазда 1925 жылға дейін болып су шайып кеткен табиғи дамбаны қалыпқа келтіру деп біледі. Бұл дамбаны тарту арқылы Азов теңізінің экологиялық жағдайын, балық байлығын сақтаймыз дейді Ресей жағы.

Ал, Украина жағы болса дамба құрылысы Киевпен неге келісілмейді деп ашуға мініп отыр. Украина жағы дамбы Украина шекарасын кесіп өтпейтін болады деп Тузла аралына шекаралық әскер шоғырландырды. Ал, Ресей жағы болса құрылысты тоқтататын емес. Ресей сім-лігі Тузла аралының Украина жері екеніне дәлел келтір деп отыр Киевке.

Ал, Украина сім-лігінің өкілі Маркиян Лубкивский болса Тузланың Украина жері екенін біз дәлелдеп жатуымыздың қажеті жоқ деп мәлімдеді. Лубковскийдің айтуынша егер Ресей дамба құрылысын тоқтатпаса , онда Украина президенті халықаралық қауымдастықтан жәрдем сұрамақ. Ресей сім Игорь Иванов болса екі жақты сабыр сақтауға шақырды. Украина кәзірдің өзінде шетелден жәрдем сұрағаны белгілі болды. ҚШ-ның Украинадағы елшісі Джон Хербст:

"Біздің ұстанымымыз айқын. Біз Украина территориясының біртұтастығын сақтау жағындамыз. Біз Ресей мен Украина арасының жақсы болғанын қалаймыз. Екі ел бұл жағдайды бейбіт келіссөз арқылы шешеді деп күтеміз."

Керч бұғазын өзінікі деп есептейтін Украина осы бұғазды кеме жолына айналдырып одан жыл сайын 180 миллион доллар табыс тауып отыр. Киевтік талдаушы профессор Сергий Комиссаренко:

"Егер де екі ел арасы тату көршілік жағдайында болған болса онда бұ мәселе дәл бүгінгідей ушықпас еді."

Дамба жанжалы екі елде келесі жылы болатын президенттік сайлаулар үшін де қажет болуы мүмкін деп біледі талдаушы Комиссаренко:

"Осының бәрі не үшін қажет болғанын түсіну қиын. Мүмкін Украина мен Ресейде алда келе жатқан сайлаулар қарсаңында осындай жағдайды қолдан жасау жөнінде келісім болған шығар."

Дүйсенбі күні НАТО бас хатшысы Робертсон Киевте болғанда Украина президенті Кучма одан Ресей-Украина арасындағы дауға НАТО-ның араласуын сұрады. Сәрсенбі күні Евроодақ сыртқы саясат жетекшісі Хавиер Солана былай деді:

"Мен екі жақтың да әскери өкілдерімен кездестім. Бұ мәселені екі жақ бейбіт түрде шеше алады деп үміттемін."

Ал, батыс елдері болса 1993 жылы Украина өз ядролық қаруларын Мәскеуге тапсырғанда оның біртұтастығын қорғауда уәде берген дейді Комиссаренко:

"Егер Украина ядролық қарудан бас тартса онда оның территориялық біртұтастығын қамтамасыз ету жөнінде келісім болған".

Өткен айда ғана Ресей, Украина, Қазақстан, Беларус бірігіп ортақ экономикалық зона құруға келіскені белгілі. Ал, мына жанжал болса ол келісімнің енді Украина парламентінен өтуіне басты кедергі болмақ.
XS
SM
MD
LG