Accessibility links

Ғылым академиясы Қоғамдық бірлестік болып қайта құрылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Бұдан бұрын Азаттық радиосынан Қазақстанның бас ғылым ордасы Ұлттық Ғылым академиясы академия мәртебесінен айырылып, орнына қоғамдық бірлестік құрылуы мүмкін деп хабарлаған болатынбыз. Алайда бұл әңгіме расқа шығып қазан айының 22-сі күні Қазақстан Республикасы президентінің арнайы жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы Қоғамдық бірлестік болып өзгерді. Ғылым академиясы үйінде академиктер мен мүше корреспанденттер және Білім және ғылым министрінің қатысуымен жиналыс өтіп, нәтижесінде Ғылым академиясы мүшелері дауыс беру негізінде қоғамдық бірлестіктің жарғысын қабылдап, жаңа президентін таңдады. Профессор Мұрат Жұрынов дауыс беру қорытындысы бойынша жаңа қоғамдық бірлестіктің президенті болып сайланды.

Енді қоғамдық бірлестік мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Аталған мәселеге орай Білім және ғылым министрі Жақсылық Күлекеев мырза:

- Конституцияға байланысты қоғамдық ұйымдар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды. Кез келген басқа қоғамдық ұйымдар сияқты бұл қоғамдық бірлестікте алдыңғы қатарлы ғалымдар жинақталғандықтан мемлекеттік конкурсқа қатысып, мемлекеттік тапсырмаларды алуға құқылы деді.

Шет елдердегідей Қазақстан ғалымдары да өз еңбектерін интеллектуалды және басқа да тың ойларын сататын болады.

Аталған мәселеге орай жаңа Қоғамдық бірлестіктің президенті Мұрат Жұрынов мырза:

- Біздің мемлекетіміз базар экономикасына көшті. Бұл саяси шешім. Ал енді осы саяси шешім біздің өміріміздің барлық саласына енуі керек. Міне ғылымға да келді. Бірақ біздің бір кемшілігіміз бізде машина жасау, прибор жасау саласы артта қалып қойды. Сондықтан осы екі саланың нашарлығы біздің технологиялардың лабораториядан ғылымға жетуіне кедергі келтіріп тұр дейді.

Көпшілік дауыспен жаңарған Ғылым академиясының басшысын тағайындау Қазақстан Ғылым Академиясындағы тұңғыш жаңалық болды.

Академик Қаныш Сәтпаевтың бастамасымен іргесі қаланған 57 жылдық тарихы бар қазақ Ғылым академиясы жарты ғасырға жуық ғылымның қайнаған ортасына айналды.

Аталған өзгерістерге орай Азаттық радиосына ғалым Асқар Жұмаділдаев мырза өз ойын былайша білдірді.

-Мәдидің бір керемет сөзі бар. Сұрасаң руымды қаракесек, Досы мен дұшпанына болған өсек.

Елу жеті жылдық тарихы бар Ғылым академиясы соңғы жылда досқа да, дұшпанға да мазаққа айналды. Соңғы тәуелсіздік жариялаған 12 жыл ішінде әрбір бір жарым жыл ішінде бір-бір министрден ауысып отырған екен. Олардың әрқайсысы әртүрлі реформа жасаймын деп ақыры академияны жауып тынды.

Қоғамдық бірлестік аяғынан тік тұрып жұмыс істеп кете ала ма жоқ па мен оны айта алмаймын дейді ол. Елу жеті жылдық тарихы бар Ғылым академиясының Қазақстандағы ғылыми мектептердің, мекемелердің қалыптасуына өзіндік ықпал етті. Ал енді академия мәртебесін жоғалтты. Қоғамдық ғылым болды. Бастықтар солай деп шешсе дұрыс шығар. Мен білмеймін. Бұрыннан келе жатқан үрдісті бұзу жақсылыққа әкеле ме жоқ па? Ол жағын мен айта алмаймын дейді ол.
XS
SM
MD
LG