Accessibility links

Ресейлiк кәсiпорындар Қазақстан базарына ұмтылуда


Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң деректерiне қарағанда, Қазақстанға жыл сайын егiн оратын 3 мың жаңа комбайн қажет.

Республикадағы 42 мың комбайнның 80 пайыздан астамы ескiрiп кеткен. Вице-министр Дулат Айтжановтың сөзiне қарағанда, соңғы үш жылда техника паркiн жылына небәрi 1 мың 500 комбайнға жаңартуға мүмкiндiк туған. Ауыл шаруашылығы техникасының басқа түрлерi жөнiнде де осыны айтуға болады.

Ал, қазанның 28-i күнi Астанада ашылған ауыл шаруашылығы техникасының көрмесi Қазақстан базарына келешекте ресейлiк кәсiпорындардың үстемдiк құратынын байқатты. Конгресс-холдың атшаптырым дәлiзi мен оның алдындағы алаңға иiндестiрiле қойылған ресейлiк техникадан көз сүрiнедi. Әсiресе, Ресейдiң «Ростсельмаш» ашық акционерлiк қоғамының өнiмдерi көп. «Ростсельмаштың» бас директорының орынбасары Илья Челпанов кәсiпорынның басым бағыттарының бiрi Қазақстан базары екендiгiн жасырмайды.

«Кейiнгi жылдарда күрделi үлгiлендiру жұмыстары жүргiзiлген «Ростсельмаш» зауыты әрқилы табиғи ортаға, мысалы, Қазақстанның жағдайына бейiмделген жаңа техникалар шығара алады» дейдi Челпанов мырза. Ал таяу келешекте Қазақстан қалаларынан ресейлiк кәсiпорынның өкiлдiктерi ашылмақ. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң машина жасау және технология департаментiнiң директоры Мирас Доскеновтың сөзiне қарағанда, бұл мәселемен бiрлескен жұмыс тобы айналысуда. Екi айдан кейiн өкiлдiктердiң қай қалалардан ашылатыны мәлiм болады.

Республикадағы ауыл шаруашылығы техникасының 30 пайызы ғана, оның өзiнде онша күрделi еместерi Қазақстанда шығарылады. Ал 70 пайызы, мәселен трактор, комбайн және басқа да күрделi техника түрлерi шет елдерден, негiзiнен Ресейден алынады. Қосалқы бөлшектердiң 50 пайызы Қазақстандағы iрiлi-уақты 140 кәсiпорындa жасалады, - дейдi Доскенов мырза.

Қайсыбiр сарапшылар Қазақстанның экономикалық даму қарқыны Ресейге қарағанда бiршама iлгерi болғанмен, ресейлiк өнiм өндiрушiлердiң Қазақстан базарындағы әлеуетi арта түседi дегендi айтады. Басқасы басқа, Ауыл шаруашылығы техникасы көрмесiнен мұны анық аңғаруға болады.
XS
SM
MD
LG