Accessibility links

Санаткерлік меншікке қарақшылық кең таралған

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Республикасында санаткерлік меншік құқығын бұзушыларға қарсы заң қатайтылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта осы саладағы заңдарға және Үкімет қаулыларына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар Әділет министрлігінде дайындалуда.

Мұны қазанның 30-ы күні осы министрлікте өткен алқа мәжілісінде әділет министрі Оңалсын Жұмабеков мәлім етті.

Алқа мәжілісі қазанның 6-ы мен 23-і күндері аралығында өткен «Зият» республикалық іс-шарасының нәтижесіне арналды. Мұндай акция Қазақстандағы санаткерлік меншікті қорғауға және осы саладағы заң бұзушылықтың алдын -алуға арналған.

Министр Оңалсын Жұмабеков, аталған саладағы жұмыстарда кемшіліктердің де бар деп есептейді.

- Санаткерлік меншік құқығын қорғау жөнінен жұмыс деңгейі төмен мемлекеттер АҚШ-тың 301-ші бақылау тізіміне алынған. Оның ішінде Қазақстан Республикасы да бар. Осы тізімнен шығуға жұмыстанып жатырмыз.

Оның айтуынша, республикада санаткерлік меншік құқығын бұзу кең таралған.

Министр, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттарының бірі - республикада санаткерлік меншік құқығының дұрыс қорғалуымен байланысты екенін де айтты.

Мәліметтерге сүйенсек, өнертапқыштардың, шығармашылық иелерінің 36 пайызының 5 пайыздайы ғана санаткерлік меншік құқықтарының бұзылу жағдайымен мемлекеттік органдарға шағымданған. Министрдің пікірінше, бұл санаткерлік меншік иелерінің өз құқықтарын білмеуінен немесе аталған мәселенің мемлекеттік органдарда тиісінше қаралуына деген сенімсіздікте.

Әділет мнистрлігінің Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі Комитетінің төрайымы Нұрғайша Сахипованың айтуынша, акция барысында сенім телефоны арқылы 112 арыз түскен. Қоғам тарапынан 20 бетке жетерлік ұсыныс жасалған. Олардың дені осы саладағы заңдарды қаталдатуды сұраған.

- Әкімшілік қорғау құқығы бойынша 3-5 есептік көрсеткіш мөлшерінде жазалауға болады. Бұл жаза емес. Мөлшерлі зиян көрмейді.

Бұл мәселеде Қылмыстық кодекске де өзгеріс енгізілуі мүмкін. Себебі, қолданыстағы заң бойынша астыртын тауарларды пайдаланушылар жауапқа тартылады. Енді оны пайдаланғаны үшін ғана емес, оны қоймаларда сақтағаны үшін де жауапкершілікке тарту көзделуде. Нұрғайша Сахипованың айтуынша, өткен жылы республика бойынша 70 миллон теңгенің тауары тәркіленген. Биылғы жылы бұл көрсеткіш әзірге 40 миллион теңгенің көлемінде ғана.
XS
SM
MD
LG