Accessibility links

Ұлыбритания парламентшiлерi Қазақстанға келедi


Қарашаның 5-i күнi Қазақстанға Ұлыбритания парламентшiлерiнiң сапары басталады.Олар алдымен Орал қаласында болып, одан Қарашығанақ мұнай кенiшiне аттанады.


«Британдық әрiптестер Қазақстанның мұнай-газ саласына үлкен мән берiп отыр. Қарашығанақта ағылшынның Бритиш газ, Шелл сияқты компаниялары бар. Бұл жолғы сапарларында солардың жағдайымен танысып, Астанада Парламент спикерлерiмен, Үкiмет басшысымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрiмен кездеседi, - дейдi Парламент Мәжiлiсiнiң Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Шәрiп Омаров.

Қазақстан мен Ұлыбритания Парламенттерiнiң қарым-қатынасы бұдан бiр жыл бұрын, британ парламентшiлерiнiң Қазақстанға келген сапарынан басталған болатын. Ал осы жылдың сәуiр айында қазақстандық депутаттардың бiр тобы Лондонда болып, Ұлыбритания парламентiнiң жұмысымен бiр аптадай танысып қайтты. Ұлыбританияның Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Джеймс Лайэл Шарп: «Бұл сапарлар парламентаралық әрiптестiктi жолға қоюға, өзара тәжрибе алысуға жағдай туғызды. Британ жағы қазақстандық әрiптестерiн Ұлыбританияның парламенттiк жүйесiнде қалыптасқан стандарттармен таныстыруға ниеттi», - дейдi.

Бүгiнгi таңда Қазақстан мен Ұлыбритания парламенттерiнде өзара әрiптестiктi нығайту мақсатында құрылған арнайы жұмыс топтары бар. Сәуiр айында, Лордтар палатасында Қазақстан мен Ұлыбритания парламенттерi қарым-қатынасының бағыт-бағдары талқыланып, Қазақстанда өтетiн келесi кездесуде арнайы хаттамаға қол қою туралы келiсiм жасалған болатын. Шәрiп Омаровтың айтуынша, бұл жолы сол хаттамаға қол қойылады. Онда парламентаралық ынтымақтастық бағдарламасы мазмұндалады.

«Қазақстан парламентшiлерiнiң ұлыбританиялық әрiптестерiмен қатар Германия Бундестагымен және Ресей Думасымен де қарым-қатынасы нығайып келедi. Келешекте Францияның және Жапония парламентшiлерiмен байланыс орнату көзделуде. Осы бағытта аталған екi елде де арнайы жұмыс топтары құрылған.Олардың екеуiне де бұрынғы премьер-министрлер жетекшiлiк етедi», - дейдi Шәрiп Омаров.
XS
SM
MD
LG