Accessibility links

Қазақстан мен НАТО – аймақтық хауіпсіздік үшін


31 қазанда «НАТО және Орталық Азия: аймақтық және ұлттық хауіпсіздік пен стратегиялық серіктестік» тақырыбына арналған халықаралық конференция жұмысын одан әрі жалғастырды.


Конференцияға қатысушылар негізгі назарды ұлттық және аймақтық хауіпсіздік контексінде НАТО мен Қазақстанның өзара әрекеттерінің тәжірибелік бағыттарына аударды.

Конференцияда Қазақстандағы АҚШ елшілігінің екінші хатшысы Эндрюс сөз алып, елу жылдан аса уақыттан бері НАТО АҚШ үшін аса маңызды альянс күйінде қалып отыр деді. Алайда 2001 жылдың 11 қыркүйегінен бері НАТО беделі сол күйінде қала ма, оның болашағы қандай болады деген сауалдар жиі қойылып келеді. Бұған АҚШ үкіметі «Иә» нақты жауап береді дегенді айтты Эндрюс мырза. АҚШ-қа қарсы жер шарының кез-келген нүктесінен қауіп төнуі мүмкін. НАТО сондықтан бейбітшілікті сақтайтын күш ретінде танылады. Соңғы он жылда НАТО Босния мен Косовода екі соғысты ауыздықтағанын еске алыңыздар. Сондай-ақ НАТО коммунистік режимнен жаңа ғана құтылған орталық және шығыс Еуропадағы 10 елге қолдау көрсетті.

НАТО Американың ұлттық мүддесін және Еуропадағы өзінің әріптестерін қолдайтын ұйым болып қала береді деді АҚШ дипломаты.

Сондай-ақ, Эндрюстің айтуынша, НАТО Ирак пен Ауғанстанда да, шығыс елдерінде де бейбітшілікті сақтауда маңызды роль атқарады.

Екі күнге жалғасқан конференция барысында Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссия өкілдері, НАТО-дан шақырылған сарапшылар мен ғалымдар арасында қызу пікірталас өрбіді.

Айталық, ҚазҰУ-дің профессоры Жарас Ибрашев болса: - НАТО-ның өзі болмағанымен, оның мүшелері Орталық Азияда әскери базаларын орналастыруда. Олардың мұнда келуінде не мақсат жатқаны белгісіз, бірақ та олардың бұл аймақтан көздегені жер байлығы, дәлірек айтсақ, Каспий аймағындағы мұнай мен газ. Ал өздері айтып отырған терроршылдықпен күрес - ол жәй әшейін сылтау, нақты мақсаттарын жасыру, - дейді.

Ал өз кезегінде келесі бір профессор Гурий Хан: - Америка бұл әскери саяси ұйымда басты рөл атқарады.Барлық жерде американың әскери техникасы, ақшасы, мамандары - түгелге жуық солардікі. Польша, Чехия, Венгрия НАТО-ға мүше болып кірген соң бұрынғы советтік техника орнына американың жабдықтары келуде. Алайда мәңгі ештеңе жоқ, НАТО да бір кезде әлсірейді, қазірден-ақ Еуропа экономикасы күшейе түсуде, Еуро ақшасы доллардан нығая түсті, - дегенді айтты.

Осыған орай НАТО-дан келген арнайы өкіл Лопесс Наварро өзінің қарсы уәжін айтты.

- Менің түсінігімше НАТО төңірегінде оның мақсатын дұрыс түсінбеген пікірлер айтылуда. НАТО-ның бұл аймақтағы мүддесі мұнайда жатыр деген пікір айтылды. Кешіріңіздер, тіпті де олай емес. НАТО ол әскери-саяси ұйым. Оның мүддесі бейбітшілікті сақтау, әлемде тыныштықты тұрақтандыру, - деген ойын қадап айтты.- НАТО-ның мақсаты, аймақта экономикалық қызығушылық емес, біз Солтүстік атлантикалық одақ тұрғысында өз мүддемізді қорғаймыз. Бізді өзара қарым-қатынас тұрғысындағы саяси келісім қызықтырады.

НАТО-ның аймақтағы мүддесі төңірегінде осы жиынға қатысушы тарихшы ғалым Мұрат Әбдіров те өз пікірін білдірді.

Екі күнге созылған халықаралық басқосу жұма күні аяқталды.
XS
SM
MD
LG