Accessibility links

Құқықтық реформаға бағышталған жаттығу семинары


17-20-қараша аралығында Алматыда Сорос-Қазақстан қоры, БҰҰ-ның өкілдігі мен Ашық қоғам институтының бірлесе ұйымдастыруымен "Қазақстанның халықаралық конвенциялар талабын орындау жағдайына мониторинг жүргізу" деген тақырыпта халықаралық жаттығу семинары өтеді.

Бұл шара Сорос-Қазақстан қорының "Құқықтық реформалар" атты бағдарламасы аясында өткізілгелі отыр. Бұл туралы сейсенбі күні Сорос-Қазақстан қорының ақпараттық хабарламасынан үйлестіруші Лиза Ізбасова айтып өтті.

Тренинг шарасына ұйымдастырушылардың шақыруы бойынша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы өкілдігі, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссарының басқармасы, ЮНИСЕФ, ЮНИФЕМ, ҚР президентінің әкімшілігі, Омбудсман институты, ҚР конституциялық кеңесі, сондай-ақ, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.

Онда Қазақстан өз еркімен біріккен бірқатар құжаттардың, соның ішінде бала құқығы туралы конвенция, нәсілдік алалаушылықтың барлық түрін жою жөніндегі конвенция, Адамдарға қатысты зорлық-зомбылық, қинау шараларын қолданудың, адамның беделін түсіруге бағытталған әрекеттердің алдын алуға бағытталған конвенция, Әйелдерге қатысты барлық алалаушылық әрекеттерді жою жөніндегі, Босқындар мәртебесі жөніндегі құжаттардың кейбір нормаларының орындалуы туралы талқылау көзделіп отыр.

Тренинг шарасына Қазақстан тарапынан бекітілген конвенцияларға қатысты параллель баяндамалар жасау жөнінде және БҰҰ-ның тиісті комитеттеріне баламалы баяндамалар жасай білуде тәжірибе жинақтаған қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Тренинг шарасына Германия, Швейцария және Польшалық сарапшы-құқықтанушылар да шақырылған.
XS
SM
MD
LG