Accessibility links

Иракта жаңа Kонституция қабылдау икемділікті талап етеді.


Ирақ бойынша негізгі кеңесші Нию-Йорк университетінің профессоры Нох Фелдман Ирақта жаңа Kонституция қабылдау бұл ел басшыларынан орасан зор икемділікті талап етеді дейді. Өйткені Kонституция қабылдау мәселесі федерализм, діни бостандық және адам құқықтары тәрізді мәселелерді күн тәртібіне шығарады дейді.

Нью-Йорк университетінің профессоры Нох Фелдманның пікірінше жаңа Ирақ ислам құндылықтарын бағалайтын, мұсылман болсын, болмасын азаматтардың бәріне тең құқық беретін демократиялық мемлекет болуы керек. Алайда, ондай мақсатқа қол жеткізу оңай емес. Ол үшін мүдделі жақтар мейлінше икемді болуы керек. Мұсылман әлемі бойынша маман, сондай-ақ Ирақ басшыларына ақылгөй профессор Фелдман ҚШ бастаған Ирақтағы коалиция елде ең алдымен тәртіп орнатуы керек, елді демократиялық тәсілдермен басқара алатын заңды үкімет жасақтауы керек дейді:

"Бірінші қадам Ирақ әскерін қайтадан барақтарға шақыру арқылы Ирақ қауіпсіздік күштерін нығайту болуға тиіс. Ирақ әскері өз тарихында үкіметті талай төңкергенін еске алсақ, бұл өзі оңай қадам болмақ емес."

БҰҰ-ның ҚК Ирақтың Басқарушы кеңесін Kонституция қабылдау мен сайлау өткізу жөніндегі жоспарын желтоқсанның 15-не дейін тапсыруды талап етіп отыр. Профессор Фелдман Ирақ конституциясын жазатын тұлғаларды бүкіл халық болып сайлау керек деген идеяны қолдайды.

"Бұл деген сөз сайланған тұлғалар халық мандатына ие болады деген сөз. Яғни халық та, халықаралық қауымдастық та олардың әрекетін қабылдайды деген сөз."

Профессор Фелдман Ирақ федералды мемлекет болуы керек, күрдтер тұрғанда бұл мәселені айналып өту мүмкін емес деп біледі. Өйткені, күрдтер соңғы 10 жыл ішінде өзін-өзі басқарып дағдыланып қалды дейді:

"Күрдтердің көпшілігі тәуелсіз Күрдстан құрғылары келеді, федералдық Ираққа да кіргісі келмейді. Күрд басшылары ҚШ-ның қырына келіп қалмас үшін тәуелсіз Күрдстанды жарияламай отыр."

Фелдман федерализмнен кейінгі негізгі мәселе дін мәселесі деп біледі:

"Мұсылмандар да мұсылман еместер де Kонституция барлық азаматтардың тең құқықтылығының кепілі болуы керек дегенге қол қояды."

Фелдманның пікірінше Ирақ халқы сондай-ақ Ислам діні Kонституцияда Ирақтың ресми діні делініп мойындалғанын қалайды. Фелдман да, Ирақ ұлықтары да ислам дінін құрметтеумен демократиялық мемлекет ұғымының арасында еш қайшылық жоқ деп біледі.
XS
SM
MD
LG