Accessibility links

Арқалық түрмесінде отырғандардың ақтық хаты заң орындарының назарына жетпей отыр


Бұған дейінгі хабарымызда Арқалық қаласындағы түрмеде қамауда отырғандардың туыстары түрме әкімшілігі тұтқындағы жандардың құқығын бұзып, азаптап-қорлап жатқанын айтады.

Сәрсенбі күні олардың бірқатары осы мәселеге Парламент депутаттарының назарын аудару мақсатында Астанаға келді.

Арқалық түрмесінде қазан айының 25-күні жасы әлі отызға да толмаған Андрей Пашков есімді тұтқын жігіттің мезгілсіз қаза болғаны жайлы радиомызға хабарлағандар осы адамдар болатын. Олар тұтқын А.Пашков өзіне-өзі қол жұмсаудан мерт болды деген түрме әкімшілігінің сөзіне күмән келтіреді. «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық ұйымның қызметкері Оралғайша Омаршанова оған дәлел ретінде қолындағы суреттегі мәйіттің тұла бойындағы бірнеше жерде қанталаған дақтарды шұқып көрсетіп берді. Ол сәрсенбі күні таңертең Арқалық қаласынан оралған бетте радиомызға сұқбат берген еді.

- Міне, мынау А.Пашковтың суреті, біз оны Арқалық қалалық мәйітханасында түсірдік. Суретте бұл адамның соққыға жығылғаны көрініп тұр. Біз ойымызша бұл адам осы соққыдан қайтыс болған. Осы мәйіттті ешкімге көрсетпеңдер, оған ешкімді жолатпаңдар, ешқандай сұраққа жауап бермеңдер деген бұйрық берілуінің өзі осындай күдікті күшейте түседі, - дейді О.Омаршанова.

Түрме әкімшілігі қоғамдық ұйым өкіліне сол түрмеде жазасын өтеп жатқандармен жолығуға рұқсат бермепті. Оралғайша бұл сапарынан Арқалық түрмесінде отырғандардың құқықтары өрескел бұзылып жатқаны туралы деректер алып келіп отыр.

- Бұл түрмеге келген жаңа тұтқындар міндетті түрде тегіс соққыға жығылады. Соңғы үш айдан бері бұл түрмеде жазасын өтеп жатқандар арасынан өзіне-өзі қол жұмсағандар көбейген, - деді О.Омаршанова.

Онымен бірге Астанаға келген үш адам Арқалық түрмесінде жазасын өтеп жатқандардың туыстары екен. Түрмедегі өз жақындарының өмірі үшін қауіптенген әлгі адамдар ондағы туыстарының аты-жөнін атамауды өтінді. «Олар менің күйеуімді мүгедек жасады, қазір оның құр сүлдері жатыр» дейді Әмина есімді әйел. Ол өз ерін сегіз айдан кейін осы жолы ғана көріпті. «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық ұйымның өкілі О.Омаршанова Қазақстанның әділет министрінің атына Арқалық түрмесінде отырған бірнеше адамның ақтық сөзі жазылған хатты көрсетті. Бұл хатта түрме әкімшілігінің жазасын өтеп жатқандарды аса қатыгездікпен ұрып-соғып, зомбылық көрсететіні жазылған. Хат авторлары «бұдан ары қарай мұндай зорлық пен қорлыққа төзуге шама жоқ, егерде біз өз-өзімізге қол салар болсақ оған бірден-бір кінәлі - түрме басшылығы» деп жазыпты. Оралғайшаның айтуынша бұл хат қазан айының 24-і күні жазылған, сол күні Арқалық түрмесінде бірнеше адам өз-өзіне қол жұмсаған. Кейіннен мәлім болғанындай, соның ертеңінде тұтқын А.Пашков қаза болған.

- Ал, түрме әкімшілігі болса мұның барлығын жоққа шығарады,- дейді О.Омаршанова, - Түрмедегілердің туыстары елдегі барлық ресми заң орындарына – Бас прокуратураға, облыстық, қалалық прокурорларға, адам құқы жөніндегі орталыққа, басқа да көптеген жерлерге хат жолдап көрді, алайда, олардан мардымды жауап болмай отыр. Тіпті Парламент мәжілісіне осы Арқалықтан сайланған депутат Р.Сәрпеков мырзаға шағымданғанда, ол Бас прокуратураға, Әділет министрлігіне сілтеді. Ал, бұл екі арада ана жақта адам өліп, тірі қалғаны мүгедек боп жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ.

Арқалық түрмесіндегі жайттарға байланысты сәрсенбі күні Қазақстан Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарласқанымызда комитет қызметкері осы аптаның басында басшылыққа жолдаған біздің сауалымызға жауаптың әлі дайын еместігін хабарлады.

Әзірге Арқалықтағы түрмеде отырғандардың тағдыры беймәлім күйде қалып отыр. Осы жайтқа Парламент депутаттарының назарын аудару мақсатында түрмедегілердің туыстары сәрсенбі күні оларға өз хатын тапсырды.
XS
SM
MD
LG