Accessibility links

Баспасөз мәслихаты

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Ресейдегі Қазақстан елшілігінің контрабандалық қылмыспен айналысқандығы, Алтынбек Сәрсенбаевтың мемлекеттік қызметтен не себептен кеткендігі, БАҚ жобасына байланысты пікірталастар, бесінші қараша күні Алматыдағы сақтандыру компанияларының 300 мыңнан астам долларға шығындалғандығы туралы мақалалар жарық көрген.

Таяуда ғана қызметінен кеткен Ресейдегі Қазақстанның елшісі Алтынбек Сәрсенбаевтың “Время” апталығына берген сұхбатында қоғамда орын алап отырған келеңсіз жайттар тілге тиек етілген еді. Осыған орай “Мегаполис” апталығында, атын атағысы келмеген, кезінде дипломатиялық қызметте болған оқырманның хаты беріліпті. Редакцияға жолдаған хатында ол “Ресейдегі Алтынбек Сәрсенбаевқа шейін болған Қазақстан елшілігінің коммерциялық қызметпен айналысқандығын хабарлаған. Соның салдарынан Қазақстан экономикасына миллиондаған доллар шығын келген. Алтынбек Сәрсенбаев Ресейге елші болып барғаннан кейін, “Дьюти фри” атты спирт ішімдігінің не себептен соншама мол алынғандығын сұраған. Мақала авторының айтуынша, Ресейдің бұрынғы елшісі Тайыр Мансұров коммерциялық қызметпен айналысып, елшіліктің дүңгіршегі арқылы ішімдік пен темекені еке есе бағасына сатып отырған. Оқырман хатына байланысты газет қызметкерлері Алтынбек Сәрсенбаевпен хабарласып, істің-мән-жайын анықтаған. “Мен өз сұхбатымда осы оқиғаны айтпаған себебім, бұл біздің Ресейдегі елшілігіміздің саяси беделіне үлкен нұқсан келтірер еді. Заң бұзушылық негізінде елшілікте сауда- саттықтың жүргізіліп келгендігі рас. Міне осындай заңсыздықтың салдарынан елшіліктің дүңгіршектері арқылы 80 тоннадан астам спирт ішімдігі мен 70 тоннадан астам темекі өнімі сатылған. Жалпы бұл іс-әрекетті дипломатиялық қызметті пайдаланып отырып, контрабандалық қылмысқа бару деп бағалауға да болады” дейді Ресейдегі Қазақстанның бұрынғы елшісі Алтынбек Сәрсенбаев. Газет қызметкерлері Тайыр Мансұровпен хабарласқысы, түсініктеме алғысы келгенімен, оларынан түк нәтиже шықпапты. Тайыр Мансуровтың қайда екендігін ешкім білмейді екен.

Ал, “Жас алаш” газетіне берген сұхбатында Ресейдегі Қазақстанның бұрынғы елшісі Алтынбек Сәрсенбаев, саяси жұмысқа араласуға бел буғандығын мәлімдепті. “Президент маған тікелей өзіне бағынатын агенттіктің төрағалығын ұсынды. Мен шын пейілмен рахметімді айтып, өзімнің тәжірибемді пайдалана отырып саяси жұмыспен шұғылданғым келетінін жеткіздім. Президент келісті. Сондықтан да, мемлекеттік қызметпен әзірге қош айтысып, жақын уақытта саяси жұмысқа араласуға бел будым” дейді Алтынбек Сәрсенбаев.

“Известия Казахстан” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген Игорь Воротнойдың мақаласында таяуда Астанада студенттер мен жастардың республикалық конференциясының болып өткендігі хабарланған. Конференцияда жастардың арасында есірткіге құмартушылардың санының күрт өсіп бара жатқандығы және оның алдын-алу шаралары туралы сөз қозғалған. Мақалада келтірілген Бас прокуратураның мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының ішінде 3429 адам есірткіге елігіп алып, неше түрлі қылмыс жасаған. Қылмыс жасағандардың 220 -сы жасөспірімдер екен.

“Ана тілі” апталығының алтыншы қараша күнгі санында газеттің қызметкерлері “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заң жобасын талқылаған. Белгілі журналист Сабыржан Шүкірұлы Заң жобасының тілдік тұрғыда ойласатын тұстары көп деп пайымдайды. Оның айтуынша мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкірдің “тіркеу” сөзін аккредитациялау дегенге ауыстыруы орынсыз болған. “Осы сөзді қолданғанның өзінде де оны “аккредитациялау” сөзі ғана бере алады деп жазу орынсыз. Бұл латынның сенім көрсету деген мағынадығы сөзі негізінде орысша қалыптасқан сөз” дейді Сабыржан Шүкірұлы.

Аталмыш тақырып “Түркістан” басылымының соңғы санында да жалғасын тауыпты. Газет тілшісі Есенгүл Кәпқызының айтуынша, заң жобасына қазірдің өзінде 500 ге тарта ұсыныстар мен толықтырулар енгізілу ұсынылыпты.

Газеттің бесінші бетінде жарық көрген Қызылорда қаласы ұстаздарының Қазақстан Республикасы Парламенті депуттарына үндеуінде де осы тақырып сөз болыпты. Өз үндеулерінде Қызылорда қаласының ұстаздары теледидардағы зорлық-зомбылық фильмдерді, эротикалық бейнелерді азайтып, жастарды ізгілікке, тазалыққа, батырлыққа тәрбиелейтін туындыларды көбейту қажеттілігін сөз қылыпты.

Жезқазған қаласы, “Сарыарқа” газетінің бас редакторы Төлеш Асантегінің мақаласында, электрондық бұқаралық ақпарат құралдары мәселесі төңірегінде заң жобасында әлі де нақтылай түсуге тиіс баптардың бар екендігі айтылған. “Осы жолғы жобада бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілдегі телевизиялық және радио хабарларының апталық көлемі жағынан хабар көлемінің тең жартысынан кем болмауы тиіс екендігі туралы жазылған жолдар нақтылана, сіресе түспесе, қайтып арқауын босатып алмай қабылдануы қажет. Осы аталған алтыншы бап электрондық ақпарат құралдарында хабар тарату көлемінде мемлекеттік тілдің үлесі қаншалықты болуы керек деген сұраққа бұдан былай бас көтермейтіндей мәңгілік нүкте қойылуы тиіс” дейді мақала авторы.

Бесінші қараша күні Алматы қаласында кенеттен суытып, қалың қар жауып, көшедегі көліктердің жүре алмай қалғандығы белгілі. “Экспресс К” газетінің алтыншы қараша күнгі санында жарық көрген мақалада, осы күні көптеген көліктердің апатқа ұшырағандығы және сақтандыру компнияларының 300 мың доллардан астам ақшаға шығындалуға тура келгендігі хабарланған.
XS
SM
MD
LG