Accessibility links

Түркия Еуропа одағына қабылдануы үшін әлi бір қатар шараларды іске асыруы қажет


Еуропа комиссиясы қарашаның 5-і күні жариялаған жылдық баяндамада жазылғанындай, Түркия Еуропа одағына кіру жолында біршама табыстарға қол жеткізгенімен, ол одаққа мүшелікке қабылдануы үшін, алдағы кезде бірқатар талаптарды орындауы тиіс екен.

Еуропа одағы комиссиясы өткен кезеңдегі реформалық бірқатар жетістіктері үшін Түркияны өз жылдық баяндамасында мақтап өтті. Дегенмен Еуропа одағына кіруге дайын деп ауыз толтырып айту үшін, Түркия алдында aтқарарлық бірқатар қатар шаруалар бар делінген жылдық есепте. Түркияға орай жарияланған биылғы жылдық есептің маңызы ерекше, өйткені Еурокомиссия Анқарамен одаққа қабылдану мәселесін талқылау мерзімін белгілеуге уәде еткен болатын. Ал ол үшін Түркия 2004-жылға дейін Еуроодақ қойған талап-шарттарды орындап шығуы қажет.

Сонымен, жылдық мәлімдемеде келтірілгеніндей, Түркия Еуроодақ талаптарына орай, өткен жылы, бір қатар саяси және заңдық реформаларды іске асырып үлгірген. Бірақ ол шаралар өте баяу жүріп жатқан көрінеді.

Шешімін күткен шараның бірі - Кипр аралының екі ел талаптары негізінде бөлінуі мәселесі.

1974-жылы Грекияда болған үкіметтік төңкерісті пайдаланып, түрік әскерлері Кипрге басып кірген кезден ол арал гректер мен түріктердікі болып, екіге қақ бөлінген болатын. Ал енді сол Кипр мамыр айының бірінен бастап Еуропа одағына қабылдануы жоспарланған. Бірақ, Еуроодақ , кезінде бөлінген ол аралдың мамырға дейін қайта қосылуын қалайды.

Сондықтан, бұл мәселені шешуде Брюссель Түркияның тікелей көмегіне үміт артып отыр. Яғни, Түркияның Еуроодаққа кіру мәселесін талқылауға кірісу мерзімін талқылаудың өзі Кипр аралының біртұтастығына байланысты болып тұр.

Бұған Түркия, әрине, наразы. Ол мәселеге байланысты Еуроодақты кеңейту жөніндегі комиссионер Гюнтер Ферхюген,

- Алдымен, Кипрге орай Түркияның неге бұлайша бұлданатындығын мен түсінбеймін. Кипр жанжалын реттемей тұрып, Түркиямен Еуроодаққа мүшелік мәселесін қалайша талқылауға болады. Сондықтан, Түркия сыртқы істер министрімен болған телефон сұхбатында оған мен бұл жағдайды ашып айттым, - дейді комиссионер.

Ферхюгеннің айтуынша, Кипр Еуроодаққа қабылданса, онда Түркияның одақ мүшелігіне қарсы болуы да ғажап емес. Сондықтан, Кипр мәселесін шешуге алдымен Түркияның өзі мүдделі болуы тиіс.

- Сондай-ақ, сыртқы саясат саласында , Еурокомиссияның пікірінше, Түркия Иран, Сири мен өзара байланысын жақсарта түскен және Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісі, Қара теңіз аймақтық мәселелеріне белсенді қатыса бастаған. Балқан мен Қавказдағы қауіпсіздікті сақтап, тұрақтылықты нығайтуда да Түкияның үлесі аз емес, - дейді комиссионер.

Дегенмен, жылдық баяндамада келтірілгеніндей, Түркияда сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына шектеу қою жағдайлары байқалып тұрады. Шағын ұлттар тілінде радио, теле хабарлар берілмейді.

Ал Билкент университетіндегі Сыртқы саясат бөлімінің директоры Сейфи Ташаттың айтуынша, Еуроодаққа үміткерлер арасында Түркияның мүмкіндігі жоғарылау.

- Бірақ Еуроодақ комиссиясы қанша сын айтқанымен, Түркия Копенгаген шартындағы талаптардың басым көпшілік бөлігін орындап қойған. Дегенмен, кейбір атқарылуы тиіс шаралар да жоқ емес, - дейді директор.

Сондай-ақ, Брюссельдегі Еуропа саяси зерттеулер орталығынан жетекші талдаушы Майк Эмерсонның пікірінше, Түркияның Еуроодақ шарттарын орындаудағы атқарған жұмыстары аз деуге келмейді.

- Сондықтан ертелі ме, кеш пе, Түркия, әйтеуір бір кезде, Еуроодақтан мүшелікке шақыруын алып қалар, - дейді Майк Эмерсон
XS
SM
MD
LG