Accessibility links

БҰҰ жаппай қауіпсіздік мәселесімен шұғылданатын арнайы топ құрды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан қарашаның 4-і күні жоғары дәрежелі ресмилерден жаппай қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын арнайы топ құрылғанын хабарлады.


Кофи Аннан ұжымдық қауіпсіздік мәселесін зерттеуді қыркүйекте болған Бас ассамблея кезінде көтеріп , өз алаңдаушылығын білдірген болатын.

АҚШтың Ирақтағы әскери және қайта құру науқаны күрделі жағдайда қалып отырған кезде, БҰҰның атсалысуымен құрылған жоғары дәрежелі үкіметтік, ресми адамдардан құралған бір арнайы топ, қауіп-қатер туған кезде, ұжымдасып әрекетке кіру мәселелерін зерттеуге кіріспек.

Міне осы мақсатта, БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан үкіметтік түрлі ұйымдардан 16 кісілік топ жасақтамақ. Олардың арасында БҰҰ қауіпсіздік кеңесінен бұрынғы жоғары деңгейлі ресмилер, босқындар жағдайын жақыннан білетін сарапшылар және денсаулық, еңбек саласының мамандары бар.

Бас ассамблеяның қыркүйектің 23-і күні болған мәжілісінде Аннан, АҚШтың ескерту соққылары салдарынан әскери күштер заңсыз мақсаттарда қолданылуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген болатын.

- Сондықтан, Қауіпсіздік кеңесі ықтималды қауіп-қатерге қарсы қандай алғашқы шаралар қолдануы керек деген мәселені қарастыруы керек, - деген Кофи Аннан.

БҰҰ бір өкілдің айтуынша, панел Нью Йоркта екі-үш аптадан кейін бас қосып, атқарылар жұмыс кестесін жасайды. Ал, он айдан кейін жылдық баяндама есебін ұсынады.

Панелде АҚШтың бұрыңғы Ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісі Скаукрофт, Ресейдің бұрынғы бас министрі Евгений Примаков және Араб елдері лигасы бас хатшысы Әмір Мұса бар.

Мұндай топтың қажетті болғандығына бір себеп, Ирақтағы қайта құру және бейбітшілік шеңберіндегі көмек шараларына келгенде БҰҰна мүше елдерде ауыз біршілік жоқ. Оған бір дәлел – терроршылыққа қарсы күрес мәселесін Бас ассамблея соңғы он жылдан бері талқылап келе жатқанымен өзара бір ортақ келісімге келе алмай отыр.

Бірақ терроршылардағы қару-жарақ жөніне келгенде әлем елдері басшылығы өз алаңдаушылықтарын жасырмайды.

Құрылған жаңа панел жөнінде АҚШтық ресми басшылық өз пікірін бірден айтпағанымен, İшкі мәселелер бойынша мемлекеттік хатшы орынбасары Ким Холмс жуырда Кофи Аннанның бұл жаңа ісіне жоғары баға берген.

- Бас хатшы Аннаның БҰҰның жаңа іс жоспары жөніндегі әрекеттері назар аударарлық. АҚШ өз тарапынан қауіп-қатерге қарсы жедел кірісу қажет екендігін дер кезінде көрсете білді, - деді Ким Холмс.

Бас ассамблеяға жолдаған хатында, президент Буш Қауіпсіздік кеңесіне АҚШтың жаппай қырғын қару-жарақтарын таратуға қарсы күресу жөнінде ұсыныс енгізетінін айтқан. Франция бұл ниетке бірден келіскенімен, Ресей өзінің кей көзқарастарын білдірген.

Ал енді АҚШтық бір дипломаттың айтуынша , Қауіпсіздік кеңесі мүшелері, АҚШтың ол ұсынысын талқылау үшін алдағы аптада бас қосады.

Бұл арада Халықаралық атом қуаты агенттігі директоры Мохаммад Ел-Барадей, ядролық қарулары бар елдердегі жағдай күрделене түскендігін ескертеді.

Барадейдің пікірінше, БҰҰ елдері ядролық қару-жарақтарды жасауда қолданатын бөлінген плутоний мен байытылған уранды көпұлттық бақылауға алу қажет.

Вашингтондағы Қару-жарақ таратпау жөніндегі тәуелсіз саяси білім беру орталығының директоры Хенри Сокольскийдің тілшімізге айтуынша, 30 жылға жалғасқан бейәрекеттік, бейғамдық кесірінен Солтүстік Корея мен Иран Ядролық қаруларды таратпау шарттарын бұзып келді.

- Біз не ядролық қарулардан сақтану ережелерін қайта қарап, оларды қатаңдатамыз, не Солтүстік Корея мен Иран жағдайындағыдай, ядролық бомба жасап алу мүмкіндігін туғыза саламыз, - дейді Сокольский.
XS
SM
MD
LG