Accessibility links

Қазақ тілінде небәрі 50 доллар тұратын компьютерлік бағдарлама бар

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Бірақ осы бағдарламаны жасаушы компанияны үкімет те, бизнесмендер де қолдауға асығар емес, - дейді қазақстандық «Санасофт» компаниясының жетекшісі Сарқытбек Матаев мырза.

Кейбір ақпарт көздерінің мәліметіне қарағанда, осыдан бірер жылдар бұрын Қазақстан үкіметі тарапынан қазақша компьютерлік бағдарлама жасау жөнінде іргелі шет елдік компанияларға өтініш хат жолданған көрінеді. Сонда әлемдегі ең ірі «Майкрасофт» компаниясы мұндай бағдарламаны қазақша жасап шығару үшін Қазақстан мемлекетінің қалтасына едәуір салмақ түсіретін үлкен қаржы мен 5-6 жыл уақыттың қажеттігін айтып, сонымен қатар, Қазақстанда қолданылатын компьютерлердің ескіргені, сондықтан «Майкрасофт» корпарациясы өткенге қайта оралмайтындығын, тек алға қарай қарыштап дами беретіндігін ескерткен көрінеді.

Алайда осы зәру мәселені, қазіргі ақпараттық технологияны қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ тілінің қолдану аясын ұлғайтуға бағытталған өнімді «Санасофт» компаниясы бұдан 3-4 жыл бұрын шешіп қойған екен.

Қазақстанда тұңғыш рет соңғы бес жылдың ішінде осы заманғы озық тәжірибелерге негізделген, компьютерлік технологиялардағы қазақ тілді ортаны қамтамасыз ететін «Уайн Транслейт» бағдарламасын жасап, тәжірибеден өткізіп қолданысқа шығарды. Бүгінгі біздің «Ғылым және технология» атты хабарымызға өзек болып отырған мәселе жөнінде қарағандылық «Санасофт» компаниясының жетекшісі, Қарағанды техникалық университетінің доценті Сарқытбек Матаев мырза былайша әңгімеледі.



- «Санасофт» компаниясы осыдан 4 жыл бұрын құрылды. Басты мақсаты – мемлекеттік тілді өркендету. Компьютерлік технологияны қазақ тілінде сөйлету. Қазіргі кезде бұл бағытта біраз жұмыстар істелінді.

- «Санасофт» компаниясының «Уайн Тарнслейт» бағдарламасының қандай ерекшеліктері бар?

- Бұрын қазақ тілінде компьютерлік бағдарлама жасау мүмкін емес деп айтылып келген. Біз осы бағдарламаны жасау барысында қиыншылықтарды жеңе білдік. Басты ерекшелігі - әлемдік бағдарламалармен қоян қолтық жұмыс істей алады.



- Пуск, открыть, закрыть, сохранить т.б. басқа сөздерді компьютер алдына отырған адам монитордан қосу, ашу, жабу, сақтау деген сияқты қазақ тілінде оқи алады. Сонымен қатар бұл бағдарламаға орыс, ағылшын тілдері енгізілген. Компьютерші қай тілде жұмыс істегісі келсе , сол тілге негізделген интерфейсті аша алады, - дейді Сарқытбек Матаев мырза. Қызығушылық танытқан адам сол үш бағдарламаны қатар ашу арқылы тіл үйренуге де мүмкіншілік бар дейді ол. Сарқытбек Матаев мырзаның айтуына қарағанда, әлемдегі кез-келген тілді осылайша компьютерге ендіруге болатын көрінеді. «Уайн Транслейт» бағдарламасының келесі бір ерекшелігі – оның қазақ тілді драйверлерінің ұлғайтылғандығында яғни қызмет ету мүмкіншілігі өте кең.

Бүгіндері Қазақстандағы компьютерлерде қазақша біркелкі бағдарлама болмағандықтан электронды пошта арқылы жіберілген мәтіндер кез-келген компьютерде оқылмайды. Бұл бағдарлама мәтінді оқытылатын қалыпқа түсіреді. Сонымен қатар аталған бағдарлама қате терушінің яғни корректордың жұмысын да едеуір жеңілдететін көрінеді.

Кез-келген орыс тіліндегі жай сөйлемді, мәтінді көлеміне қарамай табанда қазақшаға аударып береді. Тағы бір ерекшелігі - оның мультимедиялық қызмет көрсететін бағдарламасы да қазақшаланған.

Бұл бағдарлама бүгінде ҚР Президент әкімшілігінде, Үкімет кеңсесінде және Алматы Астана, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кейбір және жоғары оқу орындарында пайдалануда.
XS
SM
MD
LG