Accessibility links

Ғалым Байназаров: “ДСҰ-ға кiру үшiн Ресейге iлесудiң қажетi жоқ”


Қазақстан Дүниежүзiлiк сауда ұйымына қашан кiредi? Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, ғалым Ғани Қалиевтiң пiкiрiнше, iшкi экономикалық жағдайды жөнге келтiрiп алмай, Дүниежүзiлiк сауда ұйымының есiгiн қағып қажетi жоқ.

«Мәселен, iшкi сауда айналымында шет елдiк тауарлардың көлемi отандық өнiмдерден 15 пайыз көп болса, Қазақстанның сол өнiмдердi шығаратын кәсiрорындары тоқтайды. Америкаға, Еуропаға немесе Оңтүстiк Шығыс Азияға қарағанда, Қазақстанның табиғи жағдайы қатал.

Ресейлiк сарапшылар халықаралық норма бойынша 100 долларға өндiрiлетiн затты жасауға Америка Құрама Штаттары 92 доллар, ал Ресей 320 доллар жұмсайтынын есептеп шығарған. Ал Қазақстанның табиғи сипаты Ресейдiкiнен күрделi болмаса, жеңiл емес. Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiру – ашық бәсекелестiкке шығу деген сөз. Әлгiндегi мысалдың өзi осы бәсекелестiкте Қазақстанның ұтылатынын көрсетедi», - дейдi Қалиев мырза.

Ғани Қалиевтiң әрiптесi Ғалым Байназаров Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрудi заманауи қажеттiлiк деп бiледi. Қазақстанның iшкi жалпы өнiмi 25 миллиард долларға жуық. Сыртқа шығарылған тауар көлемi былтырдың өзiнде 10 миллиард долларды құраған. Келешекте экспорттық өнiмдердiң бұдан екi-үш есе көбеюi мүмкiн. Сондықтан Қазақстанның өз өнiмдерiн сыртқы сауда базарында қорғауына тура келедi. Байназаров мырза:

«Испат-Карметтiң металл өнiмдерi былтыр Америкада өтпей жатты. Амалсыздан Қытайдың базарына шығуға тура келдi. Америкада металл бағасы жоғары болатын. Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрген жағдайда шикiзат шығарушы мемлекеттермен бiрiгiп, алпауыт мемлекеттерге қарсы тұруға болады», - дейдi.

Байназаров мырзаның пiкiрiнше, мәселенiң екiншi қыры iшкi тауар базарына қатысты. Мәселен, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiру үшiн алдымен Қазақстан тауарларының iшкi сауда базарындағы бәсекелестiк әлеуетiн күшейтiп алу керек. Өйтпейiнше, мәңгiлiк экономикалық дағдарыс басталмақ.

Ұйымға кiрген күннен бастап, шекара кедендерi айқара ашылады. Баж салығы келсiлген деңгейде бекiтiледi. Соның нәтижесiнде сыртаттан жоғары сапалы, құны төмен тауарлар ағылады. Ал Қазақстанда шығарылатын тауарлар бәсекеге шыдамауы мүмкiн. Сондықтан, өндiрiс орындарын озық технологиямен үлгiлендiрiп, өнiмдердi сапаландыруды қолға алу керек. Орта және төмен деңгейдегi өнiм өндiрушiлерге үкiмет тарапынан үлкен қолдау қажет.

Ал Ғани Қалиевтiң сөзiмен айтқанда: «Үкiметтiң импортты алмастыратын тауарлар өндiретiн кәсiпорындар құрмақ ниетiнiң қаншалықты нәтижелi болатыны бимәлiм. Осы орайда, көптеген сұрақтар туындайды. Бiрақ, оларға тоқ етер жауап жоқ. Мысалы, егiн орағы науқанына республика қойнауынан шығатын мұнай өнiмдерiнiң небәрi 1 пайызы жеткiлiктi екен. Үкiмет соның өзiнде iшкi базарды жанар-жағар маймен қамтамасыз ете алмай, бағаның шарықтап кеткенiн көрiп отырмыз».

Үкiмет шенеунiктерi Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына Ресейге iлесе кiруiн қалап отыр. Бұл Ресей қайда болса, Қазақстан сонда деген саяси қадам ба, әлде оның экономикалық негiзi бар ма? Байназаров мырза осының екеуiн де жоққа шығарады.

- Бұл - ел қамын ойлағандардың емес, саяси ұпай жинамақ болғандардың сөзi. Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiру мәселесi тек бiр-ақ нәрсеге тәуелдi. Ол - елдiң дайындық деңгейi. Қысқасын айтқанда, ДҰС-ға кiру үшiн Ресейге iлесудiң қажетi жоқ, - дейдi Байназаров мырза.
XS
SM
MD
LG