Accessibility links

Адам құқықтарына қатысты негізгі келісімдерді бекіту – қатардағы азаматтардың құқығын қорғауға көмектеседі


Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданғанына он үш жыл өтсе де әлі күнге дейін осынау халықаралық ұйымның адам құқықтары жөніндегі аса маңызды бірқатар пактілеріне қосылмай келеді. Оған не бөгет болып отыр?

Дүйсенбі күні Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі пактілері тақырыбына арналып өткізілген халықаралық конференцияға қатысушылар осы мәселе туралы пікірілерімен бөлісті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәрізді халықаралық ұйымға төраға болудан дәмелі ресми Астана адам құқықтарына қатысты халықаралық негізгі құжаттарды бекітуге келгенде кібіртіктеп қала береді.

Бұрынғы Кеңестер Одағы құрамында болып келген ортаазиялық елдерден тек Қазақстан ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісі мен экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні бекітпей отыр.

Орталық Азия аймағындағы мемлекеттер арасынан Қазақстанның тек экономикалық реформаларымен ғана емес, сонымен бірге демократиялық институттарды дамыту жолында ілгері қадам басып отырғанын халықаралық ұйымдардың өкілдері де мойындайды.

- Әйткенмен, Қазақстан үшін әлі де көптеген салаларда, соның ішінде адам құқықтары жөнінен де бірсыпыра шаруаларды атқару міндеті тұр. Оның үстіне бұл елде кеңестік дәуірдің мұралары әлі сақталып отырғанын ұмытпауымыз керек, - дейді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының жетекшісі Антон Рупник.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов:

- Қазақстан адам құқықтары жөніндегі жоғарыда аталған келісімдерге әйтеуір бір қосылады, ол - уақыттың еншісіндегі шаруа. Ал әзірге сол пактілердің бекітілмей келе жатқаны бізге бәлендей қиындық туғызып отырған жоқ. Әрине, біз халықаралық міндеттемелерді орындаймыз.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі адам құқықтары жайлы келісімдерге қосылмастан бұрын ең алдымен елде құқықтық институттарды қалыптастырып, заңдамалық негіздерін қамдап алған жөн деп санайды.

- Алайда, мәселе сөз бен істің алшақтығында, қабылданған заңның барлығы қолданыста жүзеге аса бермейтіндігінде. Егер Қазақстан адам құқықтары туралы осы халықаралық келісімдерге қосылатын болса, онда осы елдің қарапайым азаматтары өздерінің құқықтарын қорғау ісінде тікелей халықаралық ұйымдарға жүгінуге мүмкіндік алған болар еді. Бұл өз кезегінде әлгінде айтылған алшақтықты қысқартуға жәрдемдесері сөзсіз, - дейді Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі, халықаралық құқық профессоры Рейн Мюллерсон.
XS
SM
MD
LG