Accessibility links

Грузия парламентіндегі сайлауға бақылау


Таяуда Грузия парламентінде өткен сайлауға халықаралық ұйымдардан бақылау жасаған түрлі ұйым өкілдері қатарында қазақстандық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің жетекшісі Дос Көшім де болып қайтты.

Осыған орай ол Грузиядағы сайлау мен Қазақстандағы сайлау жүйесінің айырмашылықтары бар екендігіне тоқталады. Негізгі айырмашылық адамдардың сайлауға деген көзқарасы, өзіндік түсінігінде. Бұл жөнінен ашығын айту керек, Қазақстанның сайлау жүйесі едәуір ілгері екендігіне көзіміз жетті, дейді Дос Көшім.

Ал Грузиядағы сайлау өте әділетсіз, көптеген өрескел заң бұзушылықтармен өткен. Ол туралы халықаралық бақылаушылар тарапынан арнайы мәлімдемелер жасалды. Дос Көшімнің өз көзімен көргені, бақылау жасаған Гафеджия сайлау учаскесінде кешке жақын 60-қа жуық адам усаскені басып алып, білгендерін істеген, бюллетеньдерді қолдарымен толтыра бастаған. Бұл мүлдем сайлау дегенге келмейді, дейді Дос Көшім.

Осылайша Грузиядағы сайлау өте төмен деңгейде өткен. Бұл жерде айта кетер жәйт, Грузияда саяси топтар мен күштер өте белсенді, түрлі саяси бағыттар бар екені байқалады.

- Билік басындағы партиялар, Шеварднадзенің өзі халықтың қолдауына ие болмай отыр, - дейді Дос Көшім. – Сайлаудың алғашқы қорытындылары шығарыла бастағанда осыған байланысты оппозиция өзінің келіспейтінін білдіріп, өздерінің жақтастарын алаңға шақырды.

Ал қазіргі жағдай одан да шиеленісе түскен. Бұл жерде аса бір қауіптенетін жағдай, осының алдында ғана Грузия азаматтық соғыстың аз алдында тұрды. Сондықтан бұл жерде қару да көп, мұнда жан айқайы күшті саяси топтар да баршылық. Сондықтан бұл жердегі ахуалдың қалай ушығып кететінін болжау қиын.

Ал бұған қарағанда Қазақстандағы оппозициялық күштердің және олардың үкімет пен арақатынасын ең бір мамыражай, тыныш деуге болатындығын айтады Дос Көшім.

Грузияда осы сайлауға 20 шақты саяси партиялар мен топтардың өкілдері қатысқан. Ал мұнда саяси партиялардың саны одан да көп. Грузияда төрт миллиондай адам бар, ал парламентінде 225 депутат бар. Қазақстанда болса, 15 миллиондай халық тұрады, ал төменгі шатырдағы мәжіліс депутаттарының саны 77 ғана.
XS
SM
MD
LG