Accessibility links

Қазақстанның монополияға қарсы агенттігі мен «ПетроҚазақстан» компаниясы арасында сот ісі басталды


Қарашаның 10-ы күні Астана қалалық сотында Қазақстанның монополияға қарсы агенттігі мен канадалық «Петро Қазақстан» компаниясы арасында сот ісі басталды.

Агенттік шетелдік компанияға Қазақстанның монополия туралы заң талаптарын бұзғаны үшін алты жарым млн долларға жуық айыппұл салуға шешім еткен болатын. Бұған келіспеген «Петро Қазақстан» сотқа жүгінді.

«ПетроҚазақстан» компаниясы Қазақстанда мұнай өңдеу саласында жұмыс істейді. Мысалы, оған қарасты кәсіпорындардың қатарында Шымкент мұнай өңдеу зауыты да бар. Бұл зауыт Қазақстанның оңтүстік өңірін жанар-жағар маймен қамтамасыз етіп отыр.

«ПетроҚазақстан» компаниясының басшылығы қазан айының соңғы күні компанияның директорлар кеңесіне 33 жастағы Нұрлан Қаппаровты мүше етіп тағайындаған еді. Н.Қаппаров бұған дейін Қазақстанның мұнай компаниясы басшылығында, сондай-ақ, үкімет құрамында энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары қызметін атқарған болатын.

Өткен айда Қазақстанның монополияға қарсы және бәсекелестікті реттеу жөніндегі агенттігі «ПетроҚазақстан» компаниясына өнім бағасын өзімен келіспей, заңсыз қымбат бағамен сатып, сол арқылы 6 млн доллардан астам монополиялық пайдаға кенелген деген байлам жасаған еді. Агенттік өкілдері бұл қаражат заңсыз пайда ретінде мемлекет қазынасына алынуы тиіс деп отыр. Бұған қоса Қазақстанның монополияға қарсы агенттігі тағы екі компанияға айыппұл салуды дұрыс деп тапты. Әлгі екі компанияның бірі - Meridian P, мұнай өнімдерінің көтерме саудасымен айналысатын кәсіпорын. Ал екіншісі, «ҚазақМұнайГаз» мемлекеттік мұнай-газ компаниясының филиалы. Осынау даулы мәселе бойынша компания жетекшілерінің агенттік өкілдерімен істі сотқа жеткізбей өзара келісім арқылы шешу мақсатындағы келіссөздері нәтижесіз аяқталды.

Дүйсенбі күні Астана қалалық сотында «ПетроҚазақстан» компаниясы мен Қазақстанның монополияға қарсы және бәсекелестікті реттеу жөніндегі агенттігі арасындағы сот ісі басталды. Істі қарап отырған судья Сапарова сотқа шағымданушы «ПетроҚазақстан» компаниясының өтініші бойынша сот ісінің журналистердің қатысуынсыз өтетіні туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Жабық есіктің аржағында қаралып жатқан істің қаншаға созылары әзірге белгісіз. Ал істің бұлайша өріс алуы құнды қағаздар базарындағы «ПетроҚазақстан» компаниясы акцияларының арзандауына себеп болды. Канадалық «Глоб энд Мэйл» басылымының хабарлауына қарағанда, өткен жұма күні болған сауда кезінде «ПетроҚазақстан» компаниясы акцияларының құны 1,8 АҚШ долларына кеміген көрінеді.

Ал «ПетроҚазақстан» компаниясының еншілес кәсіпорыны - Шымкент мұнай өңдеу зауытының екі аптаға жуық уақыттан бері тоқтап тұруы осы аймақта жанар-жағар май тапшылығын туғызды. Аймақта мұнай өнімдері бағасының күрт қымбаттауы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Жылқышиевті бағаның көтерілу себебін анықтау жөнінде арнайы комиссия құруға мәжбүр етті.
XS
SM
MD
LG