Accessibility links

Солтүстік Ирактағы өмір соғыстан әбден қажыған елдің өзге бөліктеріне ұқсамайды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Себебі, ол жерлер Саддам Хусейн билігі кезінде де, аспанынан ол елдің ұшақтарына ұшуға тиым салынған аймақ болатын.

Солтүстік Ирактағы Арбил деген қаладағы өмір әскери әрекеттерден әбден қажыған елдің өзге өңірлеріндегі өмір қалыбына мүлдем ұқсамайды. Тіпті бұл қалаға елдің өзге аймағынан келуші қонақтар өздерін бейне бір басқа елде, шет жерде жүргендей сезінуі мүмкін. Бұл жерде түнде атыстар естілмейді. Танкі және тағы басқа да әскери техникалар көрінбейді. Мұнда сондай-ақ кісі тонау, адам өлтіру, тағы басқа да жағымсыз қылықтар кездеспейді десе болғандай. Қала тұрғындары бір-бірімен дос көңілде сияқты-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Валентинас Мите.

Солтүстіктегі өзге де күрд аймақтары сияқты Арбил қаласының мұндай бейбіт өмірді сүре бастағандарына көп болған жоқ. Биліктен кетірілген Саддам Хусейн кезінде бұл өңір тұрғындарына қарсы химиялық қару да пайдаланып, олардың көтерілісін бірнеше рет басқан болатын. Әсіресе 1988 жылы Халабжахқа қарсы шабуыл барысында, Адам хұқықтарын қорғаушы ұйымдар мәліметтеріне қарағанда, үш жарым мың мен бес мың арасында азаматтар қаза болғанға ұқсайды.

Саддам Хусейннің бұл өңірді арабтандыруға байланысты жүргізген саясаты негізінде 1991 жылы көтеріліс болғаны белгілі. Оны өкімет күштері басу барысында, аймақтағы екі топ арасында қақтығыстар басталып кеткен еді. Яғни Күрдістан демократиялық партиясы мен Күрдістан Патриоттар одағы арасында қақтығыс АҚШ-тың дипломатиялық қысымымен ғана тоқтатылған болатын. Содан кейін 1998 жылы бұл екі ұйым аймақтағы билікті өзара бөлісіп алған еді.

Ал, осы жылдың көктемінде бұл екі партия да Америка күштерінің елге енуін қуана қарсы алысқан болатын. Әсіресе, Арбил қаласы тұрғындары АҚШ күштерін бостандыққа шығарушылар ретінде қабылдаған еді. Қазір Құрама Штаттарының туы мен Күрд туы барлық жерлерде қатар ілініп қойылған.

Қаланың коммерциялық бөлігінде дүкен ұстаушы Мухамед Кудр Абделла деген азамат бұл жөнінде былай дейді. “Саддамның дәуірінде бізде електр жарығы, бензин, тіпті жеткілікті азық-түлік те болған емес. Қазір бізде електр жарығы сөнбейді. Тәуліктің 24 сағаты бойы електр жарығы бар. Біз еркін сауда жасай аламыз, сондай-ақ Йорданияға, Түркияға, Сирияға барып, өзімізге қажетті заттарды ала-аламыз. Қазір менің жеке төлқұжатым бар, - деді.

Оның пікірінше Арбилдің полиция қызметкерлері қауіпсіздік жұмысын жіті қадағалауда. Мұнда жүргізушілер көше тәртібін, жол ережелерін сыйлайды. Арбилға әкелетін жолдарда алты тексеру бекеттері орналасқан. Мұнда көліктер тиісті номерлерсіз жүрмейді. Сондай-ақ, тұрғындардың пікірінше, аталған қалада жұмыс орындары көп, айлық көлемі өсе түсуде. Бұрынғыдай емес, Бағдатқа да еркін барып келуге болады.

Бағдатта тамақ арзан болғанымен, дей тұрғанмен Арбилде қонақ үйлер арзан. Мүмкін мұның өзі аталған аймаққа шет елдік қонақтардың аз келуінен болар. Қалада, сауда барысында Ирактың ескі ақшасымен қатар, бұдан бір ай бұрын жарияланған жаңа динары да, АҚШ доллары да қатар қолданыла беретін көрінеді. Бұл күндері елдің оңтүстік аймақтарына еркін қыдырып баруға болады екен. Азаматтардың пікірінше, аталған өңірде туристерге көрсететін қызықты орындар көп-ақ.
XS
SM
MD
LG