Accessibility links

Сайлау өтсе де, дауы әлі біткен жоқ


Биыл күзде өткен Астана қалалық мәслихатына сайлауда депутаттыққа үмiткер болып қатысқан Любовь Зонова сайлау кезiнде өз құқықтарының өрескел бұзылғанын айтып, оған атқарушы билік пен сайлау комиссиясын кінәлап, сотқа шағымданған болатын. Осы iс бойынша сәрсенбi күнi шығарған шешiмiнде Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының соты Л.Зонованың арызын қанағаттандырмай тастады.

Шағым иесi Любовь Зонова Қазақстан астанасында өткен жергілікті өкілді органдар сайлауында қаладағы №12 сайлау округінен үмiткер болып түскен болатын. Оның сотқа жазған арызында қыркүйектің 20-күнi Астанадағы Промышленный кентiнiң аумағында орналасқан бір сайлау учаскесінде осы кенттегi атқарушы билiк жетекшiсi Галина Кобзеваның сайлау процесіне заңсыз араласқаны, ал сайлау комиссиясы мүшелері бір сайлаушыға бірнеше сайлау бюллетендерін беріп, заң талаптарын бұзғандығы жазылған.

Арыз иесi осы аталғандардың барлығын хаттамалап, қағазға түсiрiп алғанын айтады. Сондай-ақ, үмiткер Л.Зонова сайлау басталғанға дейiн ресми басылымда жарияланған қала әкiмiнiң шешiмiнде Астана қаласындағы барлық сайлау учаскелерiнiң саны көрсетiлмегенiн де заңға қайшы деп отыр. Осы аталған жайттар бойынша ол соттан Астана қаласының әкімі мен қаладағы №12 сайлау округінің комиссиясын жауапқа тартуды сұраған едi.

О баста қазан айының 30-ына белгіленген сот тыңдауы екі рет кейiнге қалдырылып тек осы аптада ғана тыңдала бастады.

Сот процесінде жауап беруші тарап ретiнде Астана қалалық аумақтық және №12 округтiк сайлау комиссиялары мен қалалық және аудандық әкiмшiлiктiң өкiлдерi қатысты. Олар арыз иесiнiң тағып отырған кiнәсi негiзсiз деп санайды.

Астана қаласы бойынша қалалық аумақтық комиссияның төрағасы Қаршыға Құлмаханов арыз иесi көрсетiп отырған жайттардың ешқайсысында заң талаптары бұзылған жоқ дегендi айтады

- Оның бақылаушылары өздері көрдік деген заң бұзу оқиғаларын нақты айғақпен дәлелдемеген, тек құр сөз ғана. Сайлау комиссияларындағы ондай заң бұзу жағдайлары болған жоқ дейді. Ал, Г.Кобзеваға келсек, ол кісінің өз түсініктемесі бойынша, сол күні 6 сайлау учаскесінде болып шыққан екен. Ол кісінің сайлау учаскесінде болғанында ешқандай қайшылық жоқ, себебі, ол сайлаудың жүру барысына ешқандай ықпал жасаған жоқ, - деді Астана қаласы бойынша қалалық аумақтық комиссияның төрағасы Қ.Құлмаханов.

Сот процесiне қатысқан заңдылықты қадағалау органы – прокуратура өкiлi де жауапкерлердiң айтқанын қолдап, сот қазысынан Л.Зонованың арызын негiзсiз деп табуды сұрады.

Iстi қарап отырған судья Серiкжан Шөкеев сәрсенбi күнi Любовь Зонованың арызын толықтай қанағаттандырмау туралы өз шешiмiн жария еттi.

Арыз иесi Любовь Зонова болса, судьяның мұндай шешiмдi атқарушы билiктiң қысымен жасады деп санайды. Ендi арыз иесi сот шешiмiне өзiнiң наразы екенiн бiлдiрiп, қалалық сотқа шағымданатынын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG