Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда таяуда өткен “Ақ жол” демократиялық партиясының құрылтайына байланысты сараптама мақалалар жарық көрген.

“Ақ жол” демократиялық партиясының таяуда өткен құрылтайы қоғамда әр түрлі пікір қайшылығын туғызып отыр.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген редакциялық мақаладағы жасалған болжамға сүйенсек, аталмыш партия конструктивті оппозициядан, оппозициялық партияға айналып бара жатқан көрінеді. Мақала авторы “Ақ жол” партиясы енді бірер жылдан кейін “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының орнын басуы ықтимал деп пайымдайды. Алтынбек Сәрсенбаев “Ақ жолдың” тең төрағасы болып сайланғаннан кейін, партияның негізгі жұмысын кім атқаратындығын айтпай-ақ түсінуге болады.

Мақала авторының айтуына қарағанда Алтынбек Сәрсенбаев сынды білікті саясаткердің “Ақ жолға” келіп қосылуы, партияның ішінде үлкен өзгеріс әкелуі ықтимал. Атап айтсақ, осы кезге шейін партияның негізгі жұмысын Әлихан Бәйменов атқарып келсе, енді осы қызмет Алтынбек Сәрсенбаевтың мойнына жүктеледі. Басқаша сөзбен айтқанда, Алтынбек Сәрсенбаев “Ақ жол” партиясындағы бірінші саяси тұлғаға айналады. Партияның маңызды мәселелерін шешуде де Алтынбек Сәрсенбаевтың ықпалы зор болады.

Аталмыш тақырып, “Ана тілі” апталығының 13 қараша күнгі санындағы Нұрлыбек Саматұлының мақаласында да жалғасын тауыпты. Мақала авторы “Ақ жол” партиясының егер үкімет сайлау туралы заңды Парламентке жыл аяғына щейін тапсырмаса, Даниял Ахметовтың отставкаға кетуін талап етуінің артында, демократиялық мүддеден гөрі, жеке адамның мүддесі жатуы мүмкін деген болжам жасайды.

“Ораз Жандосовтың “экономикалық реформалар жүзеге асып жатыр, ал саяси реформалар туралы мұны айта алмаймыз” деп осы құрылтайда батыл көрінгенімен, монополияға қарсы агенттік төрағасы ретіндегі “ерлігін” көре алмай келеміз. Басқаны айтпағанда, мұнайдың үстінде отырып, тым қымбат бензинге қарап қалуға бола ма? Жақында газдың бағасы 50-60 процентке, көмірдің бағасы 2-3 есеге өсті. Осындай бағаның жаппай өсуі тұсында жаңадан тағайындалған “антимонопольшиктің” үнсіз қалуы қалай?” деп мақала авторы “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының бірі Ораз Жандосовты да сынға алып өтеді.

“Мегаполис” апталығының 13 қараша күнгі санында жарық көрген мақаласында Евгений Рахымжанов таяуда ғана құрылған “Асар” партиясы мен “Ақ жол” демократиялық партиясының арасында теке-тірес басталды деген болжам жасап отыр. “Асар” партиясы құрылуы елдің арасында түрлі пікір туғызып, бұқаралық ақпарат құралдарында әр түрлі болжам жасалынған еді. “Асар” партиясы құрылғаннан кейін, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Алтынбек Сәрсенбаевтың “Время” апталығына берген сұхбаты жарияланды. Мақала авторы “Ақ жол” партиясының сьезд өткізуін, осы оқиғамен байланыстырып өтеді. “Шындығын айтқанда Алтынбек Сәрсенбаевтың тең төраға болып сайланатындығы туралы сөз сьезд өтпестен бұрын да айтылды. Сол секілді Алтынбек Сәрсенбаев жасаған мәлімдемеден кейін, “Ақ жол” демократиялық партиясының билікке қатаң талап қойып отырғандығын аңғару қиын емес” дейді мақала авторы.

“Жас алаш” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген Гүлжан Кәленқызының мақаласында 12 қараша күні “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағалары Болат Әбілов пен Әлихан Бәйменовтың партияның ІІІ құрылтайының қортындыларына орай баспасөз мәслихатын өткізгендігі хабарланған. Мақала авторының айтуы бойынша, баспасөз мәслихатында Ғалымжан Жақияновқа байланысты да сөз болыпты. Болат Әбілов: “Ғалымжан Жақияновқа қатысты өтініштің жақын арада баспасөз бетінде жарияланатындығын, оның төңірегіндегі шытырман оқиғалардың биліктің және жалпы еліміздің беделіне нұқсан келтіретіндігін, Ғалымжан Жақияновқа рақымшылық жасау туралы шешімінің тез арада қабылдануы керектігіне байланысты ойын білдіріпті.

“МК в Казахстане” басылымының 13 қараша күнгі санында жарық көрген мақаласында Әсия Байғожина “Ақ жол” партиясының маңызды мәлімдеуі жасаулары алдағы келе жатқан парламент сайлауымен тығыз байланысты екендігіне тоқталып өткен. “Бір қарағаннда “Ақ жолдықтар” өмірді де, билікті де жақсартқысы келіп отырға сыңайлы. Алайда билікті сынау арқылы “Ақ жол” партиясы сол билікке келуді көздейді. Бір жағынан партияның белсенді мүшелері дұрыс революциялық ұрандар тастамай-ақ дұрыс шешімдер қабылдау қажеттілігін айтып, екінші жағынан халықтың шыдамы таусылғандығын тілге тиек етеді. Олардың сөздеріне тыңдаған адам, “осы қоғамды дұрыс жолға қоюдың амалын тек қана “Ақ жол” партиясы ғана біледі ма екен” деген ойға қалады” дейді мақала авторы. Дегенмен мақала авторы Алтынбек Сәрсенбаев секілді білікті саясаткердің “Ақ жол” партиясының қатарына келіп қосылуы, партияның өміршең болатындығына үміт ұялатады” деп есептейді.

“Түркістан” басылымының бейсенбілік санында “Оян, қазақ! … немесе “елді оятқан “Ақ жол” партиясы деген тақырыппен Гүлбиғаш Омарованың көлемді мақаласы беріліпті. Мақала авторының айтуынша бір жарым жыл ғана өмірі сүрген уақытында “Ақ жол” партиясы тәуелсіз Қазақстан тарихында бірде-бір саяси ұйымның тарапынан істелмеген шаруаларды атқарған. Қазақстан парламентіне бір топ балама заңдар жобасын ұсынып, қоғамдық пікірді білу мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізіп, азаматтардың қолын жинаған. Осы бәр жарым жылдың ішінде “Ақ жол” партиясы республика деңгейіндегі маңызды оқиғалардың бірде-бірінен қалыс қалмапты. Жамбыл облысында зілзала болған ауданға барып, жергілікті халыққа өз көмегін көрсетіпті.
XS
SM
MD
LG