Accessibility links

Өзбек шекарашылары тарапынан көршілес елдер азаматтарына қарсы күш қолданулар өсіп барады


Көршілермен арадағы барыс-келіс, алыс-берісті Өзбек шекарашылары қолдан одан әрі қиындата түседі.

Өзбекстанның Жизақ аймағынан мақта салынған қанарларды Қазақстанға алып өтпек болған жерінен төрт жігіт өзбек шекарашыларының қолына түскен болатын. Сол тұста жігіттердің бірі- Қуандық Сырлыбаев деген азамат қаза болды. Өзбек ресми ақпараттарына қарағанда, Қуандық өзбек шекарашыларынан қашып құтылмақ болған кезде, автокөлік апатынан қаза болды-, деп хабар таратылған еді. Алайда, жергілікті Езгүлік атты Адам хұқықтарын қорғау тобының өкілі Абай Бойболатовтың сөзіне қарағанда Қуандық деген азамат шекарашылар тепкісінің кесірінен көз жұмған екен.

“Олар Өзбекстан азаматтығы бар төрт қазақ жігіттерін ұстап алды. Содан кейін оларды бас салып сабай бастаған болатын. Ұсталған төрт жігіттің ішіндегі ең қажырлысы Қуандық Сырлыбаев екен. Ол шыдай алмай, өзбек шекарашыларына: “Бізді бүйтіп сабағанша, оданда тұтқындаңдар”, деген еді. Шекарашылар Қуандықты одан бетер тепкілеуін жалғастырған болатын. Тепкілеудің қызығына түскендері соншама, әлгі шекарашылар байқұс азаматтың өліп кеткенін байқамай да қалды-, дейді Адам хұқын қорғаушы топ өкілі Абай Бойболатов.

Бұған дейін де, өткен айларда өзбек шекарашылары талай кісілер өліміне байланысты халықаралық ұйымдар тарапынан айыпталған болатын. Мысалы, өткен айда Қырғызстанмен шекарада, екі өзбек азаматын өзбек шекарашылары өз тауарын сыртқа шығармаққа тырысқан кезінде атып өлтірген. Осы оқиға кезінде шекараға жақын маңда боп қалған тағы бір қырғыз азаматы да оққа ұшқан.

Маусым айында шекара маңында өзбек шекарашыларының дөрекі мінез-құлықтарына байланысты өз наразылығын білдірген Қырғыз азаматы да өзбек шекарашыларының қолынан қаза тапқан екен. Жергілікті өнімдерінің көрші елдерге шығарылуына шек қою үшін өзбек өкіметі осындай қадамдарға барып отыр. Өзбек ішкі істер министрлігі мен басқа да ұйымдары мақтаның сыртқа шығарылуына осылайша бөгесін жасағанды жөн көрсе керек. Осының бір көрінісі ретінде Тәжікстан және Қырғызстанмен шекараласатын аймақтарын өзбек шекарашылары миналап тастаған болатын. Осы арқылы олар қарапайым халық өмірін қатерге байлап отыр-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Антуа Блуа.

Мысалы, өткен аптада тәжікстандық төрт жасөспірім балалар үйлеріне жағар отын іздеп жүріп, байқамай шекара маңындағы өзбек жағына өтіп кетсе керек. Өзбек шекарашылары көмген минаға тап болған олардың біреуі қаза болып, үшеуі жараланған. Ұлының қаза болғанын көріп, мұндай сұмдықтан есі шыққан әкесі мәйітке жақын келмек болғанда, ол да минаға жарылып қаза болған екен. Тәжік Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға орай Өзбекстанның Душанбедегі елшілігіне наразылық білдіріп, алдағы уақытта мұндай оқиғалардың болмауын қамтамасыз ету жөнінде талап қойды.
XS
SM
MD
LG