Accessibility links

Ирак түркімендерінің айтуынша, Киркуктегі күрттердің саны артуы қауіп төндіріп отыр.

  • Ардақ НҰРҒАЛИ

Ирактың солтүстігіндегі мұнайлы Киркук қаласының тұрғындарының көпшілігін түркімендер мен күрттер құрайды. Екі қауымдастықта бұрынғы режим кезінде қуғындалды. Енді екі жақта стратегиялық қала үшін бір-бірімен теке-тіреске келіп отыр.

Түркімендер мен күрттер бір-бірін мұнайға асты тұнып тұрған Киркукке өз ықпалын күшейтпекте айыптауда. Бірақ қай жақтың санының көп екендігін дөп басып айту қиын.

Екі халықта Саддам Хусейн режимі кезінде запа шекті. Бірақ бірге тартқан азаптары екі топтың басын қазір біріктіре алмай отыр. Күніге 900 мың барель мұнай бере алатын қаланың тыныштығы қыл үстінде тұр. Саяси Ирақ Түркімендері Майданының белді өкілі Фарух Абдулла Абдулрахманның Азаттыққа айтуынша:

"Біз өз құқықтарымызды заңды жолдармен алуға тырысудамыз. Біз бұрындары орын алған жағдайдың қайтадан қайталануын қаламаймыз. Араптандыру әрекеті жүзеге асырыла жаздап, енді бұл үдеріс "Курдистан" аймақтары дегенге келтірілмекші."

Ирақтағы түркімендердің нақты саны белгісіз ол 300 мыңнан 2 миллион аралығында делінеді, түркімендер Мосул, Киркук және Арбил төңірегінде шоғырланған. Ирақтың Басқару Кеңесінің құрамында Сангүл Чабуқ атты түркімен әйелі бар.

Бірақ түркімендер қысылыңқы күйде, олармен бақталас күрттердің саны 4 тен 6 миллион төңірегінде және Басқару Кеңесіндегі күрттердің саны басым.

Түркімендер мен күрттер арасындағы қақтығыстар тамыз айында басталды, Киркук түбіндегі Тұз Құрмату кентінде орын алған бомбалық шабуылдан 12 адам опат болды, түркімендер қаса қана жауыздық жасау әрекетінде күрттерді айыптап отыр.

Абдулрахманның айтуынша, Ирақтың солтүстігіндегі күллі күрттер жоспарлы түрде Киркукте күрт көпшілігін тудыру мақсатында көшіп келіп жатыр. Оның айтуынша, Киркукте соңғы уақытта көптеген күрт жалаулары мен күрт тілінде жазылған ұрандар көзге шалынады. Егер бұл басымшылық көрсету әрекеті тиылмаса онда бұл аймақта тұрақтылық тудырмайды дейді түркімен өкілі.

Ал Киркуктік күрттер жағдайға өзгеше көз қараста. Танымал Күрт Одағы партиясының белсендісі Жалал Жохардың мәселеге пікірі былайша:

"Бұрынғы үкіметтің жер аударған күрттерінің саны 250 мыңнан 300 мың төңірегінде. Қазір оралып жатқандардың шығу тегі Киркуктен. Арбил мен Сулейманиядан көшіп келіп жатқандарды бұрынғы үкімет Киркуктен жер аударған еді."

Өз сөзін жалғастырып ол. "Мен түркімендер мен күрттер арасында ешқандай теке-тіресті сезбеймін. Бұл қарамa-қайшылықтарды шетелдік қолдар тудырып отыр."

Жохар "шетелдік қолдар" деп Түркияға меңзейді. Түркия солтүстік Ирақта одақтастар қолы құрамында өз әскерін орналастырмақ болды. Бірақ Ирақтың Басқару Кеңесі бұған қарсылық көрсетіп, бұл жоба іске аспай қалды.

Абдулрахманың мәлімдеуінше түркімендер өздеріне Түркия, Түркіменістан, Әзірбайжан және басқада түркі тектес елдердің қолдау көрсетуін мақтан тұтады. Бірақ дегенімен,- дейді ол, " біз Ирақтың тұрғындарымыз және біз бұл елдің бір бөлігіміз."
XS
SM
MD
LG