Accessibility links

Ауғанстан: Терроризм, есірткі тасымалы және фракциялық шайқастар.


Өткен аптада Ауғанстанда болған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің миссиясы бұл ел қауіпсіздігіне үш нәрсе қатер төндіріп тұр деп атап көрсетті. Яғни терроризм, есірткі тасымалы және жергілікті қарулы топтардың қырқысы.

БҰҰ. Радиомыздың тілшісі Роберт Магмахон хабарлайды. Өткен аптада Германияның БҰҰ-дағы елшісі Гунтер Плеугер бастаған миссия Ауғанстанда болып қайтты. Сейсенбі күні Плеугер Қауіпсіздік Кеңесі алдында Ауғанстандағы жағдай туралы баяндама жасады :

"Ойдағыдай саяси үрдістерге қажетті жағдай жоқ. Ұлттың бірлікке назар аудару ләзім. Саяси партиялардың еңсе көтеруіне уақыт керек. Ұлттық құрылымдар реформалануы керек. Фракциялық топ басшыларының билігі жойылуы керек"

Сондай-ақ Плеугер Ауғанстан дамуы алдында тұрған 3 басты кедергі терроризм, есірткі тасымалы және жік- жікке бөлініп алып өзара қырқысқан жергілікті топтар екенін баса айтты. Плеугер Ауғанстан туралы БҰҰ-ның ҚК-де баяндама жасап жатқан кезде Қандағар қаласындағы БҰҰ бөлімшесі алдында бомба жарылды. Осы қала түстігінде ҚШ бастаған коалициялық әскерге болған шабуылда бір румын солдаты опат болды. Плеугер Ауғанстан теріскейінде де жағдай оңып тұрған жоқ деді. Ауғанстан теріскейіндеөзбек генералы Рашид Достум өзбектердлі жинап, тәжік командирі Атта Мохамед өз қоластына тәжіктерді жинап аймақтағы билік үшін қырқысып жатыр деді. Олар аймақты қарусыздандыруға қарсы деді. Плеугер бастаған миссия бұл екі командирдың екеуімен де кездескен. Ал, Ауғанстан түстігіндегі жік-жік болған жергілікті командирлермен кездесу мүмкін болмаған.

"Түстікте әрбір ауыл, әрбір шағын қалашықтың өз командирі бар. Олар ел болашағы дегенді, оған не қажет дегенді елестете алмайды."

Ауғанстан түстігіндегі пуштундар елді қайта қалыпқа келтіру, барасындағы саяси үрдістерден тыс қалған. Бұл қауіпті деді Плеугер. Содан кейін осынау бас-басына би болған жергілікті командирлер күн бермейді деген шағымдарды біз халықтан көп естідік дейді Плеугер. Есірткі шаруашылығына келер болсақ, ол сала мүлдем бақылаусыз бетіне кеткен.

"Есірткі экономикасы бақылаудан тыс бетіне кеткен. Заң органдары қауқарсыз".

Ауғанстанға миллиондар, миллиардтар беру жөніндегі қомақты уәделер орындалмай отыр. Бұ жәйлі миссия мүшесі болып Ауғанстанды аралаған Испания елшісі Иннокенсио Арияс былай дейді:

"Полиция мен әскерді жасақтауға қаржы керек. Халықаралық қауымдастық уәде еткен қаржылардан хабар жоқ. Олар оны күтіп отыр."

Сырттан қаржы мен әскери күш керек деп Ауғанстан үкіметі қақсағалы қашан. Миссия мүшелерінің айтуынша ол жәрдемдердің кешеуілдеуі реформаларды тұралата бастаған. Әрі құрылыс, әрі жергілікті жерлердегі қауіпсіздікке кепіл болады делінген, бірнеше жүз құрылысшы солдаттардан жасақталатын Жергілікті құрылыс командалары дегенді Ауғанстан үкіметі де, БҰҰ –да зор қошеметпен қарсы алғаны еді. Алайда ондай құрылыс командалары өміршең болуы үшін ол - біріншіден ірі болуы керек, екіншіден, Ауғанстан бойынша жаппай енгізілуі керек деп біледі БҰҰ-ның Ауғанстанда болған миссиясы.
XS
SM
MD
LG